2014 жылдың 11 сәуірінде С. Торайғыров ат. ПМУ-да жас ғалымдардың, студенттер мен мектеп оқушыларының «ХІV Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференциясы салтанатты түрде ашылды.
Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, атақты жерлесіміз Қаныш Сәтбаевты еске алуға арналған Халықаралық Сәтбаев оқулары облысымызда 2000 жылдан бері өтіп келеді.
Конференцияның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні, жас ғалымдардың ғылымның әртүрлі салаларына қызығушылық танытуына және олардың ғылыми тәжірибе алмасу арқылы рухани өсуіне жол ашуда маңызы зор.
Конференцияның салтанатты ашылуы С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың алдындағы Естелік аллеясында орнатылған Қаныш Сәтбаев мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Аталмыш рәсімге Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор Қапар Арынғазин, Автоматтандыру және басқару кафедрасының докторанты, Электроэнергетика кафедрасының доценті Айбек Ақаев, Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің магистранты Римма Валиева және МС-402 тобының студенті Сағыныш Нұрқымбаев қатысты.
Іс-шараны ашқан ПМУ-дың Даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, саяси ғ.д., профессор Арман Ақышев жас ғалымдарды жылы қарсы алып, осындай аймақтық маңызы бар ғылыми шараға қатысқаны үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі таңда қазақстандық өнеркәсіптің барлық салалары, соның ішінде техникалық ғылымдар да қарқын алып дамуда. Сондықтан академик Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын сақтау және өркендету – біздің азаматтық және кәсіби парызымыз», – деді Арман Айтмұхаметұлы.
ХІV Сәтбаев оқуларына Қазақстаннның түкпір-түкпірінен, сонымен қатар, Ресей Федерациясының Барнаул, Чита, Томск, Омбы, Якутск қалаларынан жас ғалымдар, студенттер және оқушылар қатысты. Конференция жұмысы гуманитарлық, техникалық және жаратылыстану бағыттары бойынша жүргізілді. Конференцияға жіберілген 1146 ғылыми баяндама 19 жинақта басылып шықты.
Конференцияға келген жас ғалымдардың көбісі халықаралық дәрежедегі ғылыми шараға алғаш рет қатысып отыр. Жалпы, жылдар бойы конференция жұмысы жас қатысушылардың ғылыми өсуі үрдісін көтеруде, бұл шара ғылым саласындағы жетістіктерді одан әрі дамытудың мәре алаңы болып табылады.