С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған салтанатты мерекелік концерт өтті.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі қарасаңында еліміздің гүлденуі мен дамуына жемісті еңбек етіп жүрген университет қызметкерлері мен оқытушыларды С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев марапаттап, алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен өркендеуіне табысты атсалысып жүргені үшін ЖОО-ның ғалымдары мен қызметкерлеріне ҚР Білім және Ғылым министрлігі мен Павлодар облысы әкімі Ерлан Арынның алғыс хаттары мен құрмет грамоталары ұсынылды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев салтанатты мерекелік жиынды өз құттықтау сөзімен бастады. Ол өз сөзінде: «Қазақстан Тәуелсіздігі арқасында біз жаңа әлемге жол аштық. Ғылыми жаңалықтарымыз бен толағай табыстарымыз баршамызға ортақ шаңырағымыз - Қазақстан Республикасының өркендеуіне қызмет етуде. Бұл жеңісті де жемісті табыстар Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асқанын ұмытпауымыз керек», - деді.

Мерекелік жиын әуезді ән салған әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлерімен жалғасын тапты. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Студенттік филармониясының өнерпаздары, Орындаушылық өнер кафедрасының дарынды студенттерінің орындауындағы әндер мен қойылымдар жиылған көпшіліктің көңілінен шықты. «Алау», «Грация» би дуэті, «Меледи» сынды өнер топтары көрерменді тамаша әуенмен әуелеп, қуанышқа бөледі.