2013 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қор жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерімен кездесті.
Кездесудің мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қор жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің жұмысын анықтап көрсету, жыл бойы өткізетін байқаулар мен іс-шаралар жөніндегі ақпаратты ұсыну және де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қорының гранттарына қол жеткізу үшін қажетті құжаттарды тапсырудың жалпы ережелерімен танысу.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қорының бас маманы Роза Едігеева, Қор жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Инновациялық-технологиялық орталығының басты маманы, б.ғ.к. Әлия Аталықова қатысты.
Кездесу жас ғалымдар, ПМУ оқытушылары мен студенттер арасында ашық диалог түрінде өтті. С. Торайғыров атындағы ПМУ атынан Металлургия, машина жасау және көлік факультетінің 4 курс студенті, ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қор стипендиясының иегері Сағыныш Нұркімбаев сөз сөйледі.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержановтың айтуы бойынша, Елбасының бастамасымен Қазақстан «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасын іске асыруға бағыт алды. Осы бағытқа орай, бүгінгі өскелең ұрпақ болашақтағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды құрып жатқан азаматтар қоғамын құрайды. «Бүгінгі білім алып жүрген студенттеріміздің жаһандағы ғылыми потенциалы жоғары дамыған мемлекеттер қатарында тұратын, ХХІ ғасырдың мықты әрі гүлденген Қазақстанын құруға арманы да ерік жігері де жетерлік деп ойлаймын. Бүгінгі кездесу іргесі берік және еліміздің жарқын болашағына негіз болатынына сенімдімін», - деді өз сөзінде Нұрлан Тельманұлы.
Кездесу соңында белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткері, әдеби сыншы Ілияс Омаровтың әдеби мұрасын оқу орын кітапханасына табыс етті.