Торайғыров университетінің студенттері Decentrathon 6.0 хакатонында жеңіске жетті. АЖ-201 тобының студенттерінен құралған ProofFlow командасы Support Copilot бағыты бойынша бірінші орын иеленді.

 

Команда ойыншылардың өтініштері мен шағымдарын автоматты түрде өңдеуге арналған сервис әзірледі. Жүйе келіп түскен хабарламаларды талдап, 10–20 миллисекунд ішінде олардың тілін, санатын және басымдық деңгейін анықтайды. Сонымен қатар спам мен қайталанатын хабарламаларды ажыратып, негізгі ақпаратты бөліп алады және пайдаланушының тілінде – қазақ, орыс, өзбек немесе ағылшын тілдерінде жауап жобасын дайындайды.

 

Әзірлеменің басты ерекшелігі – оның графикалық процессорларды (GPU), интернетке қосылуды және сыртқы API сервистерін қажет етпей, орталық процессор (CPU) арқылы жергілікті режимде жұмыс істей алуы. Бұл сыртқы есептеу ресурстарына қосымша шығын жұмсамай-ақ өтініштерді өңдеуге мүмкіндік береді. Ал төлемдерге, аккаунттарды бұзуға және шешімдерге шағымдануға қатысты күрделі мәселелер мамандардың қарауына жіберіледі. Жүйе жауап дайындау кезінде тек нақты қолданыстағы ережелердің тармақтарына сілтеме жасайды.

 

Павлодар облысындағы хакатон қорытындысы облыс әкімдігі Павлодар хабымен және ҰЦТ-мен бірлесіп ұйымдастырған Digital Qazaqstan Day Pavlodar форумында жарияланды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін ҰЦТ басшысы өткізді.

 

Decentrathon 6.0 хакатонының өңірлік кезеңіне 160-тан астам адам қатысты. Ал байқаудың өзі Қазақстанның 18 облысында бір мезгілде өтіп, қатысушыларды технологиялық шешімдер мен цифрлық жобалар әзірлеу төңірегінде біріктірді.

 

ProofFlow командасының жеңісі – студенттердің заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, нақты тәжірибелік міндетті шешуге бағытталған жұмысының нәтижесі.