Торайғыров университетінде «Моңғол империясы мен Алтын Орда дәуіріндегі Ертіс өңірі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында XIII–XV ғасырлардағы Ертіс өңірінің тарихы, Алтын Орданың даму ерекшеліктері және аймақтың тарихи мұрасын зерттеуге ғалымдардың қосқан үлесі талқыланды.

 

Кездесуді Торайғыров университетінің ғылым жөніндегі және зерттеулерді коммерцияландыру жөніндегі проректоры Манат Келдібеков жүргізді. Іс-шараға тарих және археология саласындағы ғалымдар мен мамандар қатысты.

 

Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының жетекшісі Жақсылық Сабитов XIII–XV ғасырлардағы Ертіс өңірінің халқы туралы баяндама жасады. Ал Марғұлан университетінің профессоры Нүркен Күзембаев Алтын Орда тарихындағы қыпшақтардың рөліне тоқталды.

 

– Қыпшақ тілі халықаралық қатынас тілі болды. Яғни, Дунайдан Алтайға дейінгі аралықтағы адамдар осы тіл арқылы өзара қарым-қатынас жасай алды. Мәдени ықпал қыпшақтану үдерісінің ең тұрақты факторы болды, – деп атап өтті Нүркен Күзембаев.

 

Ә.Х. Марғұлан атындағы Біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Илья Мерц Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы Алтын Орда дәуіріне жататын қоныстардан табылған темір өндірісінің іздеріне қатысты зерттеу нәтижелерін таныстырды. Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры Аслан Әзербаев Шоқан Уәлихановтың Алтын Орда тарихын зерттеуге қосқан үлесі туралы баяндады.

 

Дөңгелек үстел ғылыми білім алмасуға, сондай-ақ Ертіс өңірінің дамуына ықпал еткен тарихи үдерістер мен оның ортағасырлық Еуразия тарихындағы орнын талқылауға мүмкіндік берді