Торайғыров университетінде Quaid-i-Azam University (Исламабад, Пәкістан) биотехнология кафедрасының профессоры Muhammad Ali ашық дәріс өткізді. Кездесудің тақырыбы — «Академиялық жазылым және халықаралық жобаларды әзірлеу тәжірибесі».

 

Профессор Muhammad Ali зерттеу жобасын әзірлеудің негізгі кезеңдері — ғылыми мәселені тұжырымдау, мақсат-міндеттерді айқындау, әдістемені таңдау, бюджетті әзірлеу және грант беруші ұйымдардың талаптарын сақтау мәселелері туралы айтып өтті. Сонымен қатар ғылыми қолжазбаларды дайындауға, IMRAD қағидаты бойынша ғылыми мақаланың құрылымына, ғылыми журналды таңдауға және халықаралық баспалардың талаптарына ерекше назар аударылды.

 

Сапар аясында білім алушыларға арналған дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізу, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, ғылыми семинар ұйымдастыру, халықаралық жарияланымдарды дайындау бойынша консультациялар беру, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық ұтқырлық перспективаларын талқылау жоспарланған.

 

ҚР ҒЖБМ-нің шетелдік ғалымдарды шақыру бағдарламасы TOU-дың халықаралық академиялық байланыстарын дамытуға және шетелдік серіктестермен ғылыми ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал етеді.