Торайғыров университеті Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Медетов бастаған делегация Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, теміржол кластеріне кіретін кәсіпорындардың өндірістік алаңдарын аралады.

 

 

Сапардың мақсаты теміржол кластері кәсіпорындарының өндірістік қуаттарымен, заманауи технологиялық жабдықтарымен, шығарылатын өнімдерімен және өндірістік процестерді ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысу, сондай-ақ университет пен өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту болды. Бұл кәсіпорындарда Торайғыров университетінің түлектері табысты еңбек етіп, Екібастұздың, Павлодар облысының және жалпы Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

 

 

Атап айтқанда:

«ПРОММАШ.KZ» ЖШС өндірістік алаңында қатысушылар теміржол инфрақұрылымының элементтерін, соның ішінде жолдың жоғарғы құрылымына арналған өнімдер мен бағыттамалық бұрмалар өндірісімен танысты.

 

 

«R.W.S. Wheelset» ЖШС-де теміржол көлігіне арналған дөңгелек жұптарын өндіру және оларға қызмет көрсету бағыттары таныстырылды.

 

 

«R.W.S. Concrete» ЖШС-де делегация көлік және өнеркәсіптік инфрақұрылымда қолданылатын темірбетон бұйымдарын шығару үдерісімен танысты.

 

 

«R.W.S. BINDING» ЖШС-де қатысушыларға теміржол саласына арналған бекітпе элементтері мен қосалқы бөлшектерді өндіруге байланысты өндірістік шешімдер ұсынылды.

 

 

«Railcast Systems» ЖШС алаңында делегация құю өндірісінің бағыттарымен және теміржол инфрақұрылымының қажеттіліктеріне арналған өнеркәсіптік шешімдермен танысты.

 

 

Сондай-ақ университет өкілдері «Проммашкомплект» ЖШС-де болып, доңғалақ жұптарын өндіру үдерісімен және кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктерімен танысты.

 

 

Жұмыс сапарының қорытынды кезеңі «Проммашкомплект» ЖШС-нің бас директоры Иван Дычконың қатысуымен өткен мазмұнды дөңгелек үстелмен түйінделді. Кездесу барысында университет және өндірістік сектор арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, студенттердің кәсіби тәжірибе базасын кеңейту, қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту, өндірістік тағылымдамаларды жүйелі ұйымдастыру және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, өңірдің индустриялық дамуына серпін беретін, заманауи талаптарға сай жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау бағытындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттары айқындалып, болашақ ынтымақтастықтың нақты перспективалары белгіленді.