Toraighyrov University өкілдері — Стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі Басқарма мүшесі – проректор Салтанат Аубакирова, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Айдана Алғазинова Әзербайжан Республикасының жоғары оқу орындарына жұмыс сапарын жүзеге асырды.
Сапар аясында елдің жетекші университеттерінің басшылығымен ресми кездесулер өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттары айқындалды.
Әзербайжан техникалық университетімен (Azerbaijan Technical University) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Баку мемлекеттік университетімен (Baku State University) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау мүмкіндіктері келісілді.
Әзербайжан тілдер университетінде (Azerbaijan University of Languages) ынтымақтастық туралы меморандум табысталып, университет базасында қазақ тілі орталығын, сондай-ақ Toraighyrov University базасында түркі тілдері орталығын ашу перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос диплом бағдарламаларын әзірлеу жоспарланды.
Баку славян университетінде (Baku Slavic University) академиялық ұтқырлық аясында Әзербайжанда білім алып жатқан студенттерімізбен жылы кездесу өтті.
Сапар барысында білім беруді интернационалдандыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, сондай-ақ қос диплом бағдарламаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталған сапар Toraighyrov University халықаралық байланыстарын нығайту және серіктестік желісін кеңейтудің маңызды кезеңіне айналды.






