Торайғыров университеті қабырғасында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай салт-дәстүрлер мен ұлттық тағамдар байқауы ұйымдастырылды. Бұл шара еліміздегі түрлі этностардың мәдениетін дәріптеп, достық пен өзара құрметті нығайтуды мақсат етті.



Байқауға университеттің әр факультетінен құралған командалар қатысып, түрлі халықтардың ұлттық киімдерін, салт-дәстүрлерін, өнерін және ұлттық тағамдарын таныстырды. Қатысушылар тек көрініс қойып қана қоймай, ұлттық билерін билеп, әндерін шырқап, қонақтарға ерекше атмосфера сыйлады. Әрбір команда өз өнері арқылы белгілі бір ұлттың мәдени ерекшелігін жан-жақты ашуға тырысты.



Шараға университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Нұрлан Әмірұлы Медетов бастаған басқарма мүшелері арнайы қатысып, студенттер мен оқытушылардың шығармашылығы мен дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

 

 

Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін, сахналық мәдениетін, ұлттық нақышты жеткізу шеберлігін және тағамдардың таныстырылымын жан-жақты бағалады. Байқау нәтижесі бойынша:

* І орын – Жаратылыстану ғылымдары факультеті
* ІІ орын – Инженерия факультеті
* ІІІ орын – Сәулет және құрылыс факультеті мен Ауыл шаруашылық ғылымдары факультеті иеленді



Аталған іс-шара мәдени танымды кеңейтіп қана қоймай, түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достықты нығайтуға өз үлесін қосты. Бірлік пен татулықты ту еткен мұндай мерекелік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.