1 мамыр – Бейбітшілік күніне орай Торайғыров университеті базасында профессорлық- оқытушылық құрам, яғни сарапшылар және білім алушылардың қатысуымен мазмұнды дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жаңа конституциялық өзгерістердің қоғамдағы келісім мен этносаралық үйлесімді нығайтудағы рөлін ғылыми тұрғыда зерделеу.
Кездесу барысында қатысушылар Қазақстанның көпэтносты қоғамындағы тұрақтылық пен бірліктің құқықтық негіздерін талқылады. Атап айтқанда, Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Амантай Құдабаев өз сөзінде Қазақстан халқы бірлігі жүйесіндегі ұлттық құндылықтардың мемлекеттік саясаттағы орнын айқындап, олардың қоғамдық тұтастықты сақтаудағы маңызын атап өтті. Үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина өз баяндамасында тіл саясатын дамытудың тұжырымдамалық бағыттарын Конституция қағидаларымен сабақтастыра қарастырды.
Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Гульнара Шамшудинова азаматтардың құқықтарын қорғаудағы теңдік қағидатының конституциялық мәнін ашып, оны құқықтық мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі ретінде сипаттады. Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Мади Рахимов ел бірлігі мен Ата заңның өзара байланысын саралап, олардың ашық әрі орнықты болашақ қалыптастырудағы рөлін негіздеді.
Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Борис Поломорчук жаңа саяси жүйе институттарының қалыптасуы, Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғаннан кейінгі сын-қатерлер мен даму перспективаларына жан-жақты талдау жасады.
Білім алушылыр пікірталасқа белсенді қатысып, өз көзқарастарын ортаға салды. Әділетті Қазақстан құрудағы жастардың құқықтары мен жауапкершілігіне тоқталып, Қазақстан халқының бірлігі күнінің тарихи және тәрбиелік мәнін айқындады. Сондай-ақ қоғамдағы рухани тұтастықтың маңызын атап өтіп, бірлік ең алдымен ортақ құндылықтардан бастау алатынын жеткізді.
Дөңгелек үстел қорытындысында жаңа Конституцияның қағидаттары қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және ұлттық бірлікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық құжат екені атап өтілді.








