Digital Наурыз декадасы аясында Торайғыров университетінде Ынтымақ күніне орай International Office бөлімі шетелдік студенттердің қатысуымен «Наурыз – дәстүр мен татулықтың мейрамы» атты мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырды.
Басқарма төрағасы - ректоры Нұрлан Медетов өз сөзінде: “Наурыз - ұлттар мен ұлыстарды тоғыстырған, достық пен бейбітшілікті дәріптейтін түркі елдерінің ортақ мейрамы. Университетіміздегі шетелдік студенттер де осы мерекелік көңіл-күйді сезініп, қазақы қонақжайлықтың қандай болатынын көргендері абзал” - деді.
Аталған шара түрлі мәдениеттердің өзара тоғысуына негізделіп, университеттегі көпұлтты ортада достық, өзара құрмет және ынтымақтастық құндылықтарын нығайтуға бағытталды. Наурыз мейрамы аясында өткізілген бұл кездесу шетелдік студенттердің қазақ халқының дәстүрлерімен тереңірек танысуына мүмкіндік берді.
Мерекелік бағдарлама барысында Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан және басқа да елдерден келген студенттер өз өнерлерін ортаға салып, ән мен би арқылы ұлттық мәдениеттерінің ерекшеліктерін таныстырды. Әрбір қойылым халықтар арасындағы рухани жақындық пен мәдени әртүрліліктің үйлесімділігін айқындады.
Іс-шараның мазмұны Наурыздың тек көктем мерекесі ғана емес, сонымен қатар бейбітшілік пен келісімнің, татулық пен өзара түсіністіктің символы екенін көрсетті. Университет қабырғасында ұйымдастырылған мұндай бастамалар халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және білім алушылар арасында мәдени диалогты қалыптастыруға ықпал етеді.
Шара соңында барлық қатысушылар ортақ сахнада бас қосып, мерекелік көңіл күйді бірге бөлісті. Бұл кеш әртүрлі ұлт өкілдерін біріктірген шынайы достық пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.






