Цифрлық Наурызнама декадасы аясында Ұлттық спорт күніне орай Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырды. Аталған шараға 8 команда қатысып, студенттер өзара бақ сынасты. Ерекше атап өтерлігі, жарысқа шетелдік білім алушылар да белсенді түрде қатысып, ұлттық мәдениетке қызығушылық танытты.



Қатысушылар асық ату, бес асық, садақ ату, арқан тарту, қол күресі және тоғызқұмалақ сияқты дәстүрлі ойын түрлері бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени-танымдық алаңға айналды.



Жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте:
ІІІ орынды – Ауыл шаруашылық ғылымдар факультеті;
ІІ орынды – Компьютерлік ғылымдар факультеті;
І орынды – Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті иеленді.



Торайғыров университеті үшін ұлттық ойындарды дәріптеу – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудың, рухани мұраны сақтаудың және ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды тетігі. Дәстүрлі спорт түрлері арқылы студенттер халықтың салт-дәстүрімен тереңірек танысып, ұжымдық рух пен өзара құрмет қағидаларын бойына сіңіреді. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар көпмәдениетті ортада ұлттық мәдениетті насихаттауға және мәдениетаралық диалогты дамытуға ықпал етеді.