Торайғыров университетінде кеңейтілген алқа отырысының қорытындысы бойынша аппараттық жиын ұйымдастырылды. Жиын жұмысына факультет декандары, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері және барлық құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысып, университет дамуының өзекті бағыттарын айқындап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді белгілеуге арналды.

 

 

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында белгіленген басым бағыттарды іске асыру мәселелері қарастырылды. Аталған бастама жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және цифрлық трансформацияны жеделдетуге бағытталғаны атап өтілді. Осыған байланысты университет алдында тұрған стратегиялық міндеттер жүйелі түрде талқыланды.

 

 

Жиын барысында жаңа буын мамандарын даярлаудың заманауи талаптары сараланды. Білім беру бағдарламаларын жаңарту, оларды еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, академиялық сапаны арттыру және білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту қажеттігі ерекше айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың кешенді түрде жүзеге асырылуы түлектердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өңірлік әрі ұлттық деңгейдегі кадрлық сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні сөз болды.

 

 

Сонымен қатар ғылым саласындағы стратегиялық басымдықтар кеңінен талқыланды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, жобаларды коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері көтерілді. Университет ғылымының практикалық маңызын арттыру, өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайту – уақыт талабы екені ерекше назарға алынды.

 

 

Білім беру үдерісін цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселелері де күн тәртібінен тыс қалмады. Университеттің цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру, білім беру платформаларын дамыту және басқару процестерін автоматтандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл шаралар білім сапасын арттырумен қатар, басқару тиімділігін күшейтуге де ықпал етпек.

 

 

Сондай-ақ «Study in Kazakhstan» жобасы аясында шетелдік білім алушыларды тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту жолдары қарастырылды. Университеттің халықаралық беделін нығайту, білім беру қызметтерін жаһандық деңгейде ілгерілету – алдағы уақыттағы маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындалды.

 

 

Жиын қорытындысы бойынша құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, белгіленген бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді. Қабылданған шешімдер университеттің стратегиялық дамуын қамтамасыз етуге және білім мен ғылым саласындағы жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз болмақ.