2026 жылғы 12–14 қаңтар аралығында Торайғыров университеті базасында жас оқытушылар мен жас ғалымдарға арналған «Оқыту құралдары және ғылымдағы перспективалар» тақырыбындағы Қысқы мектеп ұйымдастырылды. Бұл білім беру алаңы кәсіби тәжірибе алмасуға, академиялық қауымдастықты нығайтуға және жас мамандардың педагогикалық әрі ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталды.

Қысқы мектептің негізгі мақсаты – жоғары білім беру жүйесіндегі жас оқытушылар мен зерттеушілер үшін кәсіби диалог орнату, заманауи оқыту құралдарын меңгеру, ғылыми және педагогикалық қызметте қажетті дағдыларды біріктіру, сондай-ақ кәсіби қолдау мен шабыт беру ортасын қалыптастыру.

Іс-шараның «The First Steps: оқытушының құралдары, тәжірибесі және ресурстық жай-күйі» бағыты жас оқытушыларға арналды. Бағдарлама мазмұны қазіргі жоғары білім беру талаптарына сай әзірленіп, цифрлық педагогика, бағалау жүйелері, оқыту әдістемесі және тұлғалық даму мәселелерін қамтыды.

Алғашқы күні цифрлық оқыту құралдарын тиімді пайдалану тақырыбына ерекше назар аударылды. Видеодәрістер мен онлайн-курстарды әзірлеу Назира Оспанова, Айжан Каирбаева және Раушан Куанышева тарапынан ұсынылды. Сондай-ақ білім беру порталымен жұмыс істеу мәселелері бойынша Садуакас Байжуманов пен Меирбек Бейсенов тәжірибелерімен бөлісті. 

Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау әдістемесіне арналған арнайы  сессиялар легі өтті. 
-  Баламалы бағалау тәсілдері, тиімді кері байланыс және критериалды бағалау мәселелерін Сандыгуль Мустафина мен Сауле Ксембаева жан-жақты талқылады. 
-  «Толық адам» ұғымының мәні мен мазмұны туралы дәрісті Айман Зейнулина оқыды.
-  Білім алушылармен өзара әрекеттесу мәдениетіне арналған дәрісті PhD, профессор Нелли Пиговаева жүргізді.

Оқу үдерісін жоспарлау, силлабустарды әзірлеу және learning outcomes негізінде оқыту мазмұнын құру мәселелері қарастырылды. Бұл бағыттағы тәжірибелік сабақтарды Светлана Хасенова және Гульмира Тулекова өткізді. Сонымен қатар қатысушылар үшін денсаулық күні аясында волейболдан спорттық белсенділік ұйымдастырылды.

Аталған бастама жас мамандардың академиялық ортаға табысты бейімделуіне, университетішілік кәсіби өзара іс-қимылды күшейтуге және ұлттық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі болып табылады.