Тәуелсіздік күні қарсаңында Торайғыров университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында студенттік белсенділердің қатысуымен «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында сұхбат алаңы ұйымдастырылды.



Аталмыш жиын студенттер арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, патриоттық сананы нығайтуға және Тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды. Іс-шара барысында кафедра меңгерушісі, профессор Арман Акишев Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізу жолына тарихи шолу жасап, оның ел дамуы мен жастар болашағы үшін маңызын ерекше атап өтті.



Сұхбат алаңы студенттердің Тәуелсіздіктің негізгі құндылықтары, бейбітшілік пен бірліктің маңызы, сондай-ақ әр жастың ел дамуына қосар жеке үлесі туралы ойларын ашық білдіріп, пікір алмасуына мүмкіндік берді. Белсенді форматта өткен кездесуде жастардың азаматтық көзқарасы мен отансүйгіштік рухы айқын көрініс тапты.



Университет үшін Тәуелсіздік идеясы - тек тарихи ұғым ғана емес, ол білім беру, ғылыми-зерттеу және қоғамдық белсенділік арқылы елдің зияткерлік әлеуетін арттырумен тығыз байланысты. Осы тұрғыда Торайғыров университеті саналы, отансүйгіш, ел болашағына бейжай қарамайтын жас мамандарды қалыптастыруды өз миссиясының маңызды бағыты ретінде ұстанады.