Торайғыров университетіне Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтің жұмыс сапарымен келуі – өңірдің энергетикалық және химиялық өнеркәсібін дамытудағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кездесуге университеттің профессор-оқытушылар құрамы, Энергетика факультетінің деканы Олжас Талипов, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Мәдениет Елубай және шетелдік ғалымдар қатысып, салалық маман даярлау мәселелерін жан-жақты талқылады.

 

 

Павлодар облысы мұнай-химия, газ-химия, көмір-химия және энергетика салалары шоғырланған елдегі ең ірі индустриалды хаб болып табылады. Сондықтан да бұл салаларға уақтылы әрі жоғары деңгейде даярланған кадрлар қажет. Осы қажеттілікті ескере отырып, кездесу барысында университет басшысы Нұрлан Медетов Торайғыров университетінің аталған бағыттар бойынша кадрлық және ғылыми әлеуетін таныстырды.

 

 

Кездесу барысында мұнай-газ-химия саласы үшін мамандар даярлаудағы университеттің әлеуетін, білім беру бағдарламаларының индустрия талаптарына сәйкестігін және ғылыми зерттеулердің салалық қажеттіліктермен үйлесімі талқыланды. Бұл бағытта факультеттердің зертхана базасы, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибесі және білім алушылардың практикалық дайындығы нақты мысалдармен таныстырылды.

 

 

Сонымен қатар энергетика, мұнай-химия және көмір-химия салалары үшін мамандарды уақытылы даярлау мәселесі министрліктің жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарымен байланыста қарастырылды. Алдағы жылдары өңірде энергетикалық және химиялық өндіріс орындарының көбеюі кадр тапшылығын болдырмау үшін университеттердің рөлін күшейтуді талап ететіні атап өтілді.

 

 

Кездесудің тағы бір маңызды қыры жаңа «Мұнай-химия және газ-химия туралы» заң жобасын әзірлеуге Торайғыров университеті ғалымдарын тарту мүмкіндігі болды. Вице-министр Торайғыров университетінің ғылыми қауымдастығы бұл процесте мазмұнды ұсыныстар бере алатынын, ал салалық заңнаманы бірге жетілдіру – білім мен өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

 

 

Санжар Жаркешов Торайғыров университетінің әлеуеті мен өңірдің ерекшелігін ескере отыра, министрлік пен университет арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі күшейту қажеттілігін ерекше атап өтті.

 

 

Бұл кездесу – Торайғыров университетінің ұлттық өндірістік-инновациялық дамуға қосып келе жатқан үлесінің айқын көрінісі. Торайғыров университеті энергетика, мұнай-химия және көмір-химия салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлауды жүйелі түрде жалғастырып, елдің жаңа экономикалық жобаларына кадрлық қолдау көрсетуде белсенді рөл атқара бермек.