Торайғыров университетіне Германияның LOGO Е.V. (Landwirtschaft und Oekologisches Gleichgewicht mit Osteuropa) ұйымының өкілдері – директор Хартвиг Меннен мен бағдарлама жетекшісі Марина Поль жұмыс сапарымен келді.



Сапар барысында ауылшаруашылық ғылымдары факультетінің 2–3 курс студенттеріне арналған Германияның фермерлік шаруашылықтарында алты айлық өндірістік тәжірибеден өтуге бағытталған бірлескен жобаны одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Торайғыров университеті мен LOGO Е.V. арасындағы ынтымақтастық 2021 жылдан бері табысты дамып келеді. Осы уақыт ішінде 10-нан астам студент Германияда тағылымдамадан өтіп, аграрлық сала бойынша заманауи құзыреттерді меңгеріп, еуропалық ауылшаруашылық стандарттарымен танысуға мүмкіндік алды.

 


Кездесуге Басқарма мүшесі-проректор Ренат Нургожин, халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Бибігүл Акшулакова, ауылшаруашылық ғылымдары факультетінің деканы Жастлек Уахитов, сондай-ақ кафедра меңгерушілері қатысты. Тараптар тәжірибе бағыттарын кеңейту, тағылымдамадан өтетін студенттер санын арттыру және білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларында жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.



LOGO Е.V. ұйымымен әріптестік Торайғыров университет студенттеріне кәсіби дамудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынады, атап айтсақ, Германияның жетекші шаруашылықтарында ұзақ мерзімді практикадан өту, халықаралық тәжірибе жинақтау, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру және Қазақстан мен Германия арасындағы заманауи агротехнологиялармен өзара алмасу. Торайғыров университеті ұйым өкілдеріне өз ризашылығын білдіріп, аграрлық білім беру бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға дайын екенін атап өтті.