Торайғыров университетінде «AVC» жеке қайырымдылық қорының стипендияларын табыстау рәсімі өтті. «Химиялық технология және органикалық заттардың химиясы» және «Автоматтандыру және өнеркәсіптік робототехника» білім беру бағдарламалары бойынша Жаратылыстану ғылымдар факультеті мен Энергетика факультетінің 8 студенті білім грантының иегері атанды.



Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және «AVC Group» ЖШС өкілдері қатысты.



Басқарма төрағасы - ректор Нұрлан Медетов серіктестерге көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, бұл бағдарламаның талантты жастарды ынталандыруға, академиялық орта мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ерекше ықпал ететінін атап өтті. Университет стипендиялық бағдарламаны кеңейту, оқытушыларды қолдау және ғылыми жобаларға кәсіпорын сарапшыларын тарту арқылы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.



«AVC Group» ЖШС өңірлік директоры Әлихан Әбілдинов стипендия иегерлерін құттықтап, студенттерді өндірістік тәжірибелер мен тағылымдамаларға шақырды. Сондай-ақ AVC қоры студенттерді қолдаудың жаңа тетіктерін қарастырып жатқанын және университет ғалымдарының шетелдік ғылыми тағылымдамаларға қатысу мүмкіндігі бар екенін атап өтті.



Бұл серіктестік университет үшін маңызды, өйткені ол студенттердің кәсіби дайындығын күшейтеді, практикалық білім мен еңбек нарығына тікелей шығуға жағдай жасайды, ал ғылыми қауымдастық үшін халықаралық тәжірибе мен ғылыми-инновациялық жобаларға жол ашады.