Министрліктің шетелдік зерттеушілерді тарту бағдарламасы аясында Торайғыров университетінің Энергетика факультеті мен Жаратылыстану факультетіне Пәкістаннан белгілі ғалымдар – Каид-и Азам университетінің профессоры, А.К. Хан атындағы Материалдар және жетілдірілген ғылымдар институтының директоры Зиа Ур Рехман (h индексі 37), сондай-ақ Абдул Вали Хан университетінің профессоры Ниаз Мұхаммад(h индексі 23) шақырылды.

Профессорлар сапар барысында екі факультет студенттері үшін дәрістер оқып, магистранттар мен докторанттарға ғылыми кеңес бермек. Сонымен қатар профессорлар университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен бірлесіп ғылыми мақалалар жазу және бірқатар ортақ зерттеу жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Бұл сапар Пәкістанның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашып, бірлескен академиялық және ғылыми байланыстарды күшейтуге мүмкіндік береді.

Пәкістандық ғалымдардың келуі университеттің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық зерттеу коллаборацияларын кеңейтуге жол ашады. Шетелдік сарапшылардың қатысуы:
• студенттердің тәжірибелік және зертханалық дағдыларын тереңдетуге;
• магистранттар мен докторанттардың ғылыми жобаларының сапасын арттыруға;
• халықаралық жарияланымдардың санын көбейтуге;
• университеттің әлемдік ғылыми қауымдастықтағы беделін нығайтуға ықпал етеді.

Бұл бастама Торайғыров университетінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары оқу орны болуы жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.