Торайғыров университетінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бастамасымен өткізіліп жатқан «Тәртіпті өзіңнен баста!» атты қоғамдық акция аясында «Қоғамдық тәртіп – әркімнің міндеті» тақырыбында кездесу өтті.

 


Іс-шараның мақсаты – «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру. Кездесуге Павлодар облысының құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Олар студенттерге алаяқтықтан қорғану тәсілдері мен шаралары, есірткі заттарын таратушылардың жауапкершілігі, құмар ойындардың салдары, буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ қоғамда құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары талқыланды.



Кездесу барысында Павлодар облысы Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Азат Шахманов, Павлодар облысы Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің есірткі қылмыстарының алдын алу бөлімінің бастығы Ирина Тимирғалиева, Есірткі қылмыстарының алдын алу кеңесі төрағасының орынбасары Гүлмира Шұғабаева және Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психологы Әсемгүл Сәдуақасова сөз сөйледі.



Іс-шара барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың, азаматтық жауапкершілік пен заңға құрмет сезімін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.