Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да цифрландырудың қаншалықты маңызды екені ерекше атап өтілді.

 

Мемлекет басшысы университеттер цифрландыру мен жасанды интеллект саласында білім мен зерттеудің орталығына айналуы керек екенін, сондай-ақ басты міндет – жастарды технологиялық тұрғыда ойлайтын, инновация тудыруға қабілетті жаңа буын мамандар етіп тәрбиелеу екенін атап өтті.

 

Осы бастаманы жүзеге асыру аясында Торайғыров университеті 2025 жылғы 10 қараша күні ToU ҚР Цифрландыру күнін ауқымды түрде атап өтті. Іс-шара Pavladar Hub және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

 

Күн тәртібіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялар саласындағы өзекті тақырыптар енгізілді. Бағдарлама төрт негізгі бағыттан тұрды: AI және Machine Learning трегі, «Code&Control» хакатоны, Торайғыров университетінің цифрлық платформалары және «Startup Battle» IT-стартаптар байқауы.

 

Шараның ашылуында Торайғыров университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Нұрлан Медетов құттықтау сөз сөйлеп, цифрландырудың еліміздің экономикалық және ғылыми дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Іс-шараға өңірдің ірі серіктес компаниялары – Solid Group, «KSP Steel», «ҚазТрансОйл» АҚ, «Евроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және басқа да ұйым өкілдері қатысты.

 

«How to use AI Correctly in Industry?» атты воркшоп пен «The Ethics of Machine Learning Beyond Accuracy Toward Responsibility» семинары – Венгрияның Obuda университетінің профессоры, жасанды интеллект саласының танымал ғалымы, доктор Амир Мосавидің (Dr. Amir Mosavi) қатысуымен өтті. Профессор өз баяндамасында өндірістік салаларда жасанды интеллектіні дұрыс қолданудың тиімді жолдары мен этикалық жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

 

Шара барысында студенттер арасында «Code&Control» хакатоны ұйымдастырылып, онда жас мамандар автоматтандыру жүйелерін әзірлеу бойынша жобаларын қорғады. Сонымен қатар университет қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамы үшін SeDo, MOOK, және Portal TOU платформалары бойынша семинарлар ұсынылды.

4- ші трек бойынша  Pavlodar Hub пен университетіміздің серіктестігі аясында «Startup Battle» атты IT-стартаптар байқауы өткізіліп, жас инноваторлар өз стартап жобаларын таныстырды.

 

Іс-шараның қорытындысында Цифрландыру күнінің салтанатты жабылуы өтіп, университет басшылығы барлық қатысушылар мен серіктестерге алғыс білдірді.

Торайғыров университетінің Цифрландыру күні – бұл заманауи білім мен технологиялардың тоғысқан, инновациялық идеялардың жүзеге асуына жол ашқан маңызды оқиға болды.