Торайғыров университеті "Проманалит" компаниясымен ғылыми серіктестікті бастады. Бүгін оқу орнының алаңында қос тарап атмосфераға зиянды заттар мониторингі жобасы шеңберінде әрекет ету механизмдерін талқылады. 

 

Кездесу барысында кәсіпорын өкілдері "Проманалитте" Торайғыров университетінің бірнеше түлегі жұмыс істейтінін айтты. Газоаналитикалық құрылғылар өндіретін компанияға Торайғыров университетінің ғылыми әлеуеті қызықты. 

Кәсіпорын оқу орнына атмосфераға түсетін өнеркәсіптік қалдықтарға автоматты түрде мониторинг жасау жүйесін жасауды ұсынды. Бұл  Екібастұздағы Болат Нұржанов атындағы 1 ГРЭС үшін "Проманалит" жүзеге асырып жатқан жобамен байланысты. 

ToU басшысы Еркін Садықов университет жаңа мүмкіндіктерге әрдайым ашық екенін айтып, аймақ пен тұрғындардың игілігі үшін жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Қазіргі уақытта университет тарапынан сарапшылық кеңестер мен химия, экология, жылу және электр энергетикасы, автоматизация және басқару бағыттары бойынша ғылыми әзірлемелер қажет.