Биыл ел болып Қазақ хандығының 550 жылдығын халықаралық деңгейде тойламақшымыз. Қазақ хандығының мерейтойын атап өту қарсаңында қазақ халқын билеген хандар туралы жариялауды жөн көрдік. Тарих сүрлеуінде көмескеленіп қалған еліміздің ұлы тұлғаларын жария етуді газетіміздің алдыңғы сандарынан бастап кеттік. Бүгінгі әңгіме Қазақ халқының тарихи сахнасында есімі аса құрметпен ескерілетін хандардың бірі, Қазақ хандығының негізін құрушы – Жәнібек хан туралы болмақ. Көршілес елдерден шыққан тарихшылар ол туралы бірқатар деректер берсе, қазақ халқының ауыз әдебиеті оның тарихи бейнесін бес ғасырдан астам уақыт бойы сақтап келген.
Дана да дара, қайсар да қайтпас мінезді хандар мен патшалар, сұлтандар мен билер халық есінде ұмытылмай ғасырлар сарынынан бүгінгі күнге дейін жеткен. Олар билік құрған кезеңдерде елдік тұрғысынан маңызды оқиғалар мен өзгерістер өтіп жатты. Дәл бүгін олардың ұрпақтары ел басқарған тұлғалардың істеріне баға беріп, олардың кемеңгерлігі мен даралығын мадақтайды.
Жәнібек хан туысы Керей ханмен бірлесіп Қазақ хандығының негізін қалаған. Міне, Жәнібек хан туралы көпшілігіміздің білетініміз осы ғана. Дегенмен, тарихшылардың еңбектеріне сүйене отырып, бес ғасырдан бергі уақыт сүрлеуімен жеткен аңыз-әңгімелерді қарастырып көрелік.
Жәнібек ханның есімі ортағасырлык жазба деректерде хандар шежіресіне байланысты, Қазақ хандығының негізін калаушы ретінде және кейбір шығармаларда Қасым ханның әкесі ретінде кездеседі. Оның тікелей өмірі жайында ешбір жазба дерек жоқ. Тарихшылар Жәнібек ханның шын есімі – Әбу Сайд дейді. Кейбір тарихшылар бұған келіспеуі де мүмкін. Өйткені араб тілінен аударғанда «Әбу Сайд» «Сайдтың әкесі» деген мағына беретін көрінеді. Бұл есім ханның жанама аты ретінде қолданылған дейді тарихшылар.
Жәнібек хан – атақты Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі. Сол себептен болу керек, ХVІ-ХVІІ ғ.ғ. казақ тарихшысы Кадырғали Жалайыр оны «Кіші Жәнібек хан» деп ауызына алады.
Хан әулетінің шежіресі
Жәнібек ханның аталары Дешті Қыпшақтың белгілі тұлғалары. Ол әулеттен хандық билік үзілмеген. Жәнібек ханның Орыс ханға дейінгі аталары: Барақ пен Койыршақ хандар – Ақ Ордада хан болған тұлғалар. Барақ хан XV ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Ақ Орда мен Алтын Ордада хан болған. 1426 жылы Сыр өңірі үшін күресте Мәуренахр билеушісі Ұлығбекті Сығанақ түбінде жайратып салады. Атасы Қойыршақ хан 1391-1395 жылдары Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы соғыстарда алғашқы билеушінің жағында болады. Сол себепті де ол Тоқтамыс хан Алтын Ордадан қуылғаннан соң, Дешті Қыпшақта хан болады. Хайдар Разидың жазуына карағанда Жәнібек ханның атасы хандықта ұзақ отырмаған. Ал үшінші атасы Орыс хан туралы деректер көп. Ол 1361-1378 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордада хан болған.
Т.ғ.д. ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих, археология және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, Б.Б. Кәрібаев өзінің мақаласында хан шежіресін былайша өрбітеді. «Орыс ханнан Шыңғыс ханға дейінгі хандар шежіресі деректер мен оларға негізделген зерттеулерде екі түрлі түсіндіріледі. «Тауарихи гузида-ий нусрат нама» мен Әбілғазының «Түрік шежіресінде», «Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқайтемір – Өзтемір – Хожа-Бадық (Бадағұл) – Орыс хан» делінсе, Натанзидың «Ескендірдің Анонимі» бойынша «Орыс хан – Шымтай – Ерзен хан – Сасы Бұқа» – деп өрбітіледі. Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарихында», «Сасы Бұқа – Баян – Қоныша – Сартақтай – Орда Ежен – Жошы хан және Шыңғыс хан» деп баяндалады. Бірінші деректе Жәнібек хан – Шыңғыс ханның ең кенже ұлы Тұкай Темірден таратылса, екіншісінде ең үлкен ұлы Орда Ежен ұрпағы деп көрсетілген».
Ата жолын қуған Жәнібек хан XV ғасырдың ортасынан бастап Дешті Қыпшақтағы жаңа мемлекеттің, яғни, Қазақ хандығының негізін қалап, оны билеушілердің бірі болады.
Атасының ұлысын биледі
Жәнібек хан шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары туысы Керей екеуі Орыс хан ұрпақтарының ішіндегі ең үлкені болатын. Тарихшылардың айтуынша Жәнібек ханың есімі Қазақ хандығының негізін қалағанға дейін еш деректерде кездеспейді. М.Елеуұлының «Шу өңірі: аңыз бен тарих» еңбегінде Жәнібек хан әкесі Барақ хан қайтыс болғаннан соң, 1428-1457 жылдары Сыр өңірінде ұлыс басқарған деп жария етеді. Аңыз дерегін жазба дерек мәліметі де қолдайды. Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиевтің еңбегінде Қадырғали Жалайыридың мынандай сөздері кездеседі: «... Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын биледі».
Қазақ хандығының құрылуы
Қазақ хандығын құру жолында екі ханның аткарған істерін бөле-жарып айту мүмкін емес. Тарихшылар хандықтың кұрылу кезеңінде екі ханды әрдайым бірге айтады. Біз бұған дейінгі Керей хан туралы жазылған мақаламызда хандықтың қалай, қашан құрылғандығын айтқанбыз. Оны қайта тізбектемей, тікелей Жәнібек ханның атқарған істері туралы айтсақ. Тарихшы Б. Кәрібаевтың айтуынша Қазақ хандығының құрылу кезеңіне Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі және хандық құрып, 1461-1462 жылдарға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралык жатады. Бұл кезеңде Қазақ хандығы әлі толык, азат хандык емес еді. Есенбұға екі сұлтанды барынша қолдады. Өйткені, бұл жағдайды Есенбұға өз пайдасына жаратып, Моғолстанның батыстағы «қорғаны» ретінде пайдаланды деп айтуға болар. Алайда, Керей мен Жәнібектің өз мұраттары болды. Олар азат шаңырақ тігіп, жеке хандық құруды арман етті. Сол асыл армандарына да жетті. Бір жылдан кейін, яғни, 1458 жылы Шу мен Қозыбасы жотасы арасындағы алқапта Керей сұлтан хан сайланды.
Жәнібектің хандық тұғыры
Хандықтың құрылуының алғашқы кезеңдердегі жылдарында Керей мен Жәнібек хандар бірге айтылып, соңғы кезеңде тек Жәнібек ханның есімі деректерде жалғыз кездеседі екен. М. Елеуовтың жариялаған тарихи деректеріне қарағанда Керей хан он жылдай билік кұрып, Хантауда жерленген. Б. Кәрібаев өз мақаласында Керейден соң хандыққа Жәнібектің келуі ата дәстүріне сай жүзеге асады дейді. «Дәстүр бойынша хандық билік Х-ХІІІ ғ.ғ. қыпшақтарда әкеден балаға емес, әкеден ініге не немере туыска беріліп отырған. Жергілікті тайпалардың бұл дәстүрі XV ғасырда да өз жалғасын табады. Фазлаллах ибн Рузбехан өз еңбегінде «Керейден соң хаңдықты бірнеше адам биледі, сосын кезек Бұрындық ханға тиді», – деп жазса, «Тарих-и Кипчакхани» еңбегінің авторы 1469-70 жылдары қазақ ханы Жәнібек деп көрсстеді», – дейді ғалым.
«Фатих нама», «Шайбани нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» жазбаларында Керейден соң Жәнібектің хан болғандығын айта отырып, бірақ оның қай жылы хандыққа келгенінен хабар бермейді. ««Керей он жылдай хан болса», онда Жәнібек хандық билікке шамамен 1465-1466 жылдары отырған», – деп топшылайды т.ғ.д. Б.Кәрібаев.
Тәуелсіз Қазақ хандығы
Жәнібек ханның билігі 6-7 жылға созылады. Тарихқа сүйенсек, ол билік құрған тұста хандық тарихта үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылғы Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына жасаған жорығы сәтсіз аяқталып, ханның қайтыс болуымен аяқталады. Бұл жағдай «көшпелі өзбектер» мемлекетінің толық күйреуінің басталуына алып келді. Екіншісіне Дешті Қыпшақта шибанилык әулет билігінің жойылуы жатады. Шибанилар әулетінің билігі өздігінен жойылмады, оны жояды. Жойғандардың ішінде Сібір хандығы, ноғай мырзалары, Алтын Орда хандығы, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы болды. Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлін осы жерден айқын байқаймыз. Кезінде Керей ханның айтқан «Сәтін салған күні батыска – Түркістанға жол салуымыз керек», – деген өсиетін Жәнібек хан жүзеге асырады. Сондай-ақ, Жәнібек ханның еншісіне келген маңызды қадам – Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастауы еді. 1470-1471 жылдары – Қазақ хандығының толык, тәуелсіз, жеке ел ретінде өмір сүре бастаған кезі еді.
Хан ұрпағы
Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдың соңы XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында саяси билік Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтарының қолдарында болады. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар –Жәнібек ханның ұрпақтары болып келеді.
Сөзтүйін. Жәнібек ханның өмірі мен тарихы ел тарихымен тікелей байланысты. Оның жеке тұлғалық шежіресін білу аркылы бүгінгі ұрпақ Қазақ тарихын, мемлекеттілігіміздің тарихын терең біле түседі. Және де тарихта өшпестей атын қалдырған кемеңгер хан – Әз Жәнібектің өмірі мен қайраткерлігі әрқашанда кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болаып қала бермек.
Жанар ЕЛЕШОВА
«SMS+», №1 (60), 2015 жыл, 28 қаңтар.