С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының ұлттық баскетбол федерациясының қолдауымен баскетболдан студенттік лига өтті.

Финалдық сайыста чемпион атағына С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Инновациялық Еуразия университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мен Бизнес колледжінің баскетболшылары таласты. 

Студенттік лига тартысты өтті. Баптары мен бақтары қатар шапқан     С. Торайғыров атындағы ПМУ және Бизнес колледж командалары арасында табанды ойын өтті. Ойын нәтижесі бойынша С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті баскетболшылары оза шауып, чемпион атанды. 

– Студенттер арасында осы сынды спорттық сайыстарды өткізудің маңыздылығы зор. Себебі жастардың тек білімді ғана емес, денсаулығы да мықты болуы қажет. Жалпы спорт студенттік жастардың білімге деген құштарлығы мен еңбекке қабілеттілігін арттыру үшін олардың күнделікті өмірінен көрініс тапқаны жөн, – деді студенттік лиганы ұйымдастырушы, жоғары дәрежелі жаттықтырушы Константин Абатуров.

Жалпы Павлодар мемлекеттік университетінің спортшылары ойын барысында техникалық-әдістік және шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті.