С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған студент жастардың «Мен жастарға сенемін» ІІІ Республикалық патриоттық фестиваліне қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында өткен фестивальге С. Торайғыров атындағы ПМУ мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенттері «Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Бейсембаеваның жетекшілігімен Мадина Сарина мен Мұрат Марғұлан қатысты.

Бұл шараның мақсаты – студент жастардың Отанына деген патриоттық сезімін қалыптастыру, азаматтық жауапкершлігін және әлеуметтік белсенділігін арттыру. 

Фестивль ұйымдастырушылары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР «Жандану» экологиялық жобасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан жазушылар одағы, «Жас Отан» жастар қанаты. 

Шарада «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық әлеуметтік маңызы бар жобалардың, «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты жазылған үздік эссенің, «Мен жастарға сенемін!» тақырыбына арқау болған студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалардың және «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауы қорытындыланды. Байқауға жұмыстар бір ай бойы қабылданып, іріктеліп алынды.

Байқау нәтижесіне сай С. Торайғыров атындағы ПМУ «Қаржы және есеп» кафедрасының студенті Мадина Сарина «Мәңгілік ел-мұратым!» патриоттық әндер байқауында Арман Дүйсеновтің «Туған жер» әнін орындап, «Күміс көмей» номинациясы бойынша грамотамен және бағалы сыйлық – планшетпен марапатталды. 

Ал Мұрат Марғұлан «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауында өзінің төл туындысы Мен жастарға сенемін атты өлең жолдарын оқыды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «Қаржы және есеп» кафедрасының  меңгерушісі Рысты Сартованың айтуынша, мұндай республикалық деңгейде өтіп жатқан шаралар ел жастарының ынтымақта болуына әрі азаматтық ұстанымдарының беки түсетініне ықпал етеді.

– Біздің студенттер Павлодар мемлекеттік университетінің намысын қорғап, жоғары деңгейде өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып келді. Осындай талабы зор, талантты жастардың  одан әрі көбейетініне сенім білдіремін!», – деді Рысты Бозманақызы.