С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттеріне, магистранттары мен оқытушыларына «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Шұхрат Данбай Қазақстан Республикасы мұнай өңдеу саласының даму жағдайы мен келешегі тақырыбында дәріс оқыды.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде «ПМХЗ» ЖШС және Павлодар мемлекеттік университеті арасында кәсіби серіктестік берік орныққанын атап өтті. «Көп жылғы өзара әріптестік байланыс өңіріміздің және мемлекетіміздің көркеюіне зор септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ, кәсіпорын университеттің түлектерін жұмыспен қамтуға, студенттер мен жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға белсенді атсалысып келеді», – деді Арын Амангелдіұлы.

Шұхрат Данбай өз дәрісінде Павлодар мұнай-химия зауыты мен С.Торайғыров атындағы ПМУ арасындағы өзара тиімді әріптестіктің одан әрі дамуына ықпал ететініне үмітті екендігін білдірді. «Сіздер дайындаған өнімді біз зауыттың сапалы өнімділігі мақсатында жұмсаймыз. Яғни студентке екі жақты сапалы білім берсек, біз де ұтамыз, сіздерге де тиімді. Бұл қадам өңіріміздің және еліміздің экономикасы үшін де пайдалы болады», – деді Шұхрат Әбдірашитұлы.

Дәрістен кейін С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен оқытушылары Шұхрат Данбай мырзаға толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Бұл кездесуде өндіріс орнындағы жаңа технологиялар, жұмысқа орналасу, кадр мәселесіндегі жаңашылдық, инновациялық жобалар, мұнай өңдеу нарығындағы жаңалықтар турасындағы мәселелер талқыланды.

Кездесу соңында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев және «ПМХЗ» ЖШС бас директоры Шұхрат Данбай өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Енді бұл келісім негізінде Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттары қосарлы білім беру жүйесі шеңберінде кәсіпорында тәжірибеден және тағлымдамадан өтуі арқылы кәсіби біліктіліктерін арттырып, профессорлық-оқытушылар құрамы оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын болады.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры «ПМХЗ» ЖШС бас директоры Шұхрат Данбай мырзаны «Химиялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі ретінде жариялап, университеттің Ғылыми кеңесінің ұйғарымына сай «Құрметті кафедра меңгерушісі» атағын берді.

Руфина Торпищеваның фотосы