С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Рамазан айында «Шапағат» қайырымдылық шарасын өткізіп, тыл ардагерлеріне дәрі-дәрмек таратты.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің белсенді студенттері мен тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер департаментінің қызметкерлері мен студенттері қасиетті ораза айында университеттің 17 тыл ардагерлеріне дәрі-дәрмек таратып, игі істің басын қайырды.

Павлодар мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер департаментінің жетекшісі Дана Мұхаметжанованың айтуынша, бұл айда істеген қайырымды істің сауабы зор болады екен.

– Рамазан айының күндерінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері көбіне ақсақалдарымыз бен кейуаналарымыздың қолы жете бермейтін дәрі-дәрмегін алып беруді жөн көрді. Бұл іс студент жастарымызды қарияларымызды құрметтеп, қадірлеу, әрқашан мұқтаж жанға қайырымдылық жасау сынды қасиеттерді бойына сіңіру мұратын көздеді, – деді Дана Төлегенқызы.

С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Ернұр Сағынтай мұқтаж жанға көмектесу үшін мол қаражаттың керек емес екендігін айтады.

– Мен өз басым адамдарға жақсылық жасау үшін қасиетті күндерді күтпей-ақ әркүні мұқтажға қол ұшын беруге болады деп есептеймін. Ал қарттарға жасаған игілікті өзіңнің болашағыңа жасалған ізгілік деп қабылдаған дұрыс, – дейді Ернұр.

Павлодар мемлекеттік университетінің еңбек ардагері Валентина Бондаренко бүгінгі ізгі шараға қуанып, жастарға ризашылығын білдірді.

– Қарт адамға не керек? Жастар қарайласып, көңілдерін танытып жатса да біз қуанамыз. Ал С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттеріне осы істеген қайырымдылығы өздеріне жақсылық болып қайтсын, – деп алғысын жаудырды жастарға Валентина Кузьминична.