С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Малика Хұсайынова «Мисс Павлодар – 2015» сұлулық байқауында «Көрермендер көзайымы» жүлдесіне ие болды.

Павлодар қаласының Естай атындағы мәдениет сарайында «Мисс Павлодар -2015» сұлулық байқауы өтті. Финалдық сайыста 8 ару бақтарын сынады. Әрбір ару өздерін жақсы қырларын көрсетуге тырысты.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Таныстыру бөлімінде өзін жақсы көрсете білген Малика көрермендер назарын бірден өзіне аударды. Сайыстың екінші бөлімінде қатысушы қыздардың бәрі бірге спорттық би биледі. Сонымен қатар танымал әншілерге пародия жасап, көрермендер көңілінен шыға білді. Пародия сайысында қыздардың актерлік қырлары мен шеберліктері бағаланды. Сайыстың бұл түрінде Малика «Табор уходит в небо» фильміндегі сыған қызының рөлін үлкен шеберлікпен сомдап шықты. «Ұлттық киімдер» бөлімінде «Қыз ұзату» салтын көрсету арқылы Малика қазақ қыздарының ұзатылып жатқанда киетін киім үлгілерін көрсетті. Әсем ою-өрнектерге көмкерілген қазақ қызының бұл киім үлгісі барша көрермен қауымға қатты ұнады.

Сонымен сайыс қорытындысы бойынша 16 жасар оқушы София Шарикова сұлулық ханшайымының тәжін киді. Ал бірінші вице – мисс атағына Мадина Бейсембаева ие болса, екінші вице – мисс Ирина Бондарь атанды. Ал С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың машина жасау факультетінің студенті Малика Хұсайынова «Көрермендер көзайымы» жүлдесімен марапатталды.

«Мен бұл сайысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл сайыста маған қолдау білдірген университетімді зор мақтанышпен таныта білдім. Қолдаушылар арасында достар мен туыстарым ғана емес, сонымен бірге мүлде бейтаныс адамдардың да қолдау білдіргені мен үшін үлкен құрмет. Аталмыш сайыста мен университетімізде тек дарынды да өнерлі жастар оқитынын көрсеткім келді», - дейді Малика Хұсайынова.

Руфина Торпищеваның фотосы