С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Франция елінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен келді.

Франсис Етьеннің С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне келу мақсаты - университеттің тыныс-тіршілігімен танысу, болашақта білім беру саласында ынтымақтастық орнату жайын талқылау. Сонымен қатар ынтымақтастықтың келесі бағыттары: қос дипломдық бағдарламалар, бірлескен білім беру бағдарламалары, жалпы орта білім беру мектептерінде француз тілін оқыту, оқушылар мен студенттерді өзара алмасу бағдарламалары да талқыланды.

Кездесу барысында елші Франсис Етьен мен С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев француз тілі мен мәдениеті орталығын салтанатты түрде ашты. Елші мырза бұл орталық Қазақстан мен Франция елдері арасында ынтымақтастық пен серіктестіктің артуына өз үлесін қосатынын айтты. Сонымен бірге ол Арын Амангелдіұлына Қазақстан мен Франция елдері арасында ынтымақтастықты нығайту үшін атқарып жатқан еңбегіне зор алғысын білдіріп, орталықтың жұмысына толағай табыстар тіледі. Ал Арын Өрсариев орталықтың С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері үшін француз тілін меңгеруде зор ықпал етенін баса көрсетті. «Бұл орталықта француз тілінде жарық көрген әлемдік деңгейдегі туындылар қазақша, орысша тілдерге аударылып, студенттер қауымына ұсынылатын болады. Студенттеріміздің француз тілін жетік меңгеруі үшін бұл орталықтың мәні зор», - деді.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев құрметті қонақты университеттің жұмысымен жан-жақты таныстырды. Франция елінің елшісі С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың ішінде орналасқан аты аңызға айналған әйгілі «Досмұқасан» тобының мұражайына кіріп, әншілердің өнерімен танысты. Сонымен бірге этнография мұражайына да кіріп, қазақ ұлтының қолөнері мен ұлттық киімдерін тамашалады. Одан бөлек университеттің археологиялық мұражайы мен академик С.Бейсенбаев атындағы кітапхананың жұмысы барысымен де етене танысты.

Руфина Торпищеваның фотосы