С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері спорттық черлидинг биі бойынша I облыстық ашық чемпионатта жеңімпаз атанды

С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен бұл спорттық шара Қазақстан Ұлттық Черлидинг Федерациясы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар филиалының Черлидинг Федерациясымен жүзеге асты. Сайыс Павлодар мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер департаменті және студенттік филармонияның ұйымдастыруымен өттті.

Жарысқа Алматы және Павлодар облысы бойынша барлығы 12 команда қатысты.Спорттық би Черлидинг жарысы алты номинация бойынша өтті: «cheer dance show» (мектепке дейінгі), «cheer dance show» (6-13 жас аралығы), жұптық 16+ және топтық станттар.

I облыстық ашық чемпионаттың ашылу салтанатында Қазақстан Ұлттық Черлидинг Федерациясының президенті Әлімжан Қасенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Қазіргі таңда Қазақстанның ірі және шағын қалаларында черлидинг дамып келеді. Ал Павлодар облысында бұл өнер қарқынды дамуда. Еліміздегі черлидинг бойынша жарыстарда павлодарлық черлидингшілер әрдайым жүлделі орындырмен қанжығалырын майлап қайтады», – деді Әлімжан Асқарұлы.

С. Торайғыров атындағы ПМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры Қайрат Ашеновтің айтуынша жарыстың мақсаты – Қазақстан Республикасында черлидинг өнерін дамыту, балалар мен студенттер арасында спорттық черлидинг биімен айналысуын насихаттау, олардың адами және салауаттық сапаларын көтеру.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «DIAMOND» командасы «Cheer dance show» (16 жастан жоғары) номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ, «Жұптық-стант» номинациясы бойынша С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері бірінші орынды иеленіп, сайыстың кубогімен марапатталды. Жеңімпаздарды баптаған Мира Бейсенбайқызының еңбегі өлшеусіз екені мәлім.

Шара соңында Студенттік филармония директоры Айнұр Әзімхан жарысқа қатысушыларға алғысын білдіріп, осындай ауқымды шараларда университетте жиі кездесуге ұсыныс жасады. Сондай-ақ жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап алдағы уақытта мамыр айында Алматы қаласында өтетін Республикалық чемпионатта бұдан да тартысты сайыс күтіп тұрғанын айтты.