С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің академик С. Беймсебаев атындағы ғылыми кітапханасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне жарыққа шыққан «Ер есімі – ел есінде» атты кітаптың авторы Қазбек Бейсебаевпен шығармашылық кездесу өтті.

Шараға профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер мен медиаорталық қызметкерлері қатысты.

Кітапта Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтарға қатысты фото материалдар жинақталған. Сонымен қатар, басылымда қан майданда қаза болған, есімі тарихта атаусыз қалған әрбір қазақстандық жауынгерлер жайында мәліметтер мен фотолар берілген. Кітаптың оқырманға жол тартуының басты мақсаты – қазақстандық жауынгерлердің Ұлы Жеңіске қосқан үлесін, жасаған ерліктерін ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Аталмыш еңбек бүгінгі жас буын сұрапыл майданда шайқасқан аталарымыздың ерлігін мәңгілік есте сақтап қалуы үшін жарыққа шығып отыр. Бұл кітап – жер дүниені жалмаған қатыгез фашизмге қарсы аянбай соғысқан батыр бабаларымызға құрмет екені белгілі.

Кітап авторы Қазбек Бейсебаев өз сөзінде Ұлы Жеңіске қазақстандық жауынгерлердің ерліктері мен қосқан үлестері ұшан-теңіз болғанын атап өтті. «Қазақ халқының батыр ұлдары Отан қорғаудағы шайқастардың алдыңғы қатарында жүрді. Олардың ерен ерлігі осы уақытқа дейін елеусіз келді. Сондықтан қазақ батырларымыздың ерлігін елге таныту мақсатында осы еңбекті жасауға бел будым», – деді Қазбек Жұмабекұлы.

Кітап авторы Қазбек Бейсебаев өз еңбегіне екі жыл бойы ресейлік және батыс дереккөздерінен әскери фотосуреттер, кеңестік және немістің кино шежіресінен жинаған материалдарды кірістірген. Кітапты оқыған жанның көз алдына 70 жыл бұрын өтіп кеткен қанды қырғын елестеп, шайқас үстінде түсірілген фото суреттер оқырман көзіне еріксіз жас әкеледі.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің медиаорталық қызметкері Мәдениет Сүлейменов: «Қазіргі таңда көбіміз Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен батыр аталарымыздың есімін емес, өзге ұлттың батырлары мен маршалдарының есімдерін жатқа білеміз. Ал қазақ жауынгерлерінен есімдері тарих оқулығында жазылған танымал тұлғаларды ғана білетініміз шындық. Бүгінгі жарыққа шығып отырған бұл кітап осы бір тарихи әділетсіздіктің орнын толықтырады деп санаймын», – деп кітап жайлы өз ойын білдірді.