С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Павлодар қаласының жалпы орта білім беру мектептерінің болашақ түлектеріне есігін айқара ашты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен ашық есіктер күніне Павлодар қаласының жалып білім беру мектептерінің жоғары сынып оқушылары, ата-аналары мен ұстаздары қатысты.

Ашық есік күнінің ашылу салтанатында Павлодар мемлекеттік университетінің даму стартегиясы және әлеуметтік жұмыстар бойынша проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев С. Торайғыров атындағы ПМУ аймағымыздағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі екенін сөзге тиек етіп, білім орданың жетістіктері туралы әңгіме өрбітті. «Алдағы оқу жылынан бастап С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде әскери кафедра ашылатынын айтқым келеді. Бұл кафедраның жұмыс жасауы болашақ Отан қорғаушы жас жеткіншектеріміз үшін өте тиімді болатын анық», – деді Арман Айтмұхаметұлы.

С. Торайғыров атындағы ПМУ – Қазақстан Республикасының көпсалалы жоғары оқу орындары арасында үздік бестік қатарында, Еуропалық Университеттер Ассоциациясына мүше, «Еуроаплық сапа» халықаралық марапатының иегері, оқу ордада әлемдік деңгейдегі шетелдік ғалымдардың дәрістері оқылады, сонымен бірге университет өңіріміздегі үш сатылы: бакалавриат, магистратура, PhD докторантура бойынша білім беретін бірден бір жалғыз мемлекеттік оқу орда.

«Foundation» факультетінің деканы, п.ғ.к., доцент Айжан Кудерина Павлодар мемлекеттік университетінің студенті атанудың жолдары турасында, университет қабырғасында білім алудың артықшылығы мен білім ордасының алыс-жақын шетелдермен байланысы жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. «С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері білім алу барысында шетелге тағлымдамалық сапарға шығып тұрады. Сондықтан студенттердің шетел тілдерін терең меңгеруге университетте бар жағдай жасалған», – деді Айжан Ермекқызы.

Сонымен қоса, жиылғандар назарына С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің басты трендтері, факультеттер бойынша бекітілген мамандықтар жайлы бейнефильм ұсынылды.

Ізгі дәстүрге сәйкес қонақтар құрметіне Павлодар мемлекеттік университеті студенттік филармониясының шығармашылық ұжымдары мен орындаушылары өнер көрсетті. Оқушыларға «Джем» заманауи би студиясы, Насихат Абыкенова, «Павлодар жастар құрамасы» КВН командасы көтеріңкі көңіл сыйлады.

Мереке соңында болашақ мектеп түлектеріне жоғары оқу орнының мамандықтары бойынша кеңестер ұсынылып, келешекте жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпараттар берілді.

Руфина Торпищеваның фотосы