Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде тыл ардагерлерімен дәстүрлі кездесу өтті.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев тыл ардагерлерін құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. «Сіздерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің университетте қашанда үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету игі дәстүрге айналған. Сол ізгіліктің ізімен біз бүгін қадірлі ардагерлерімізді ардақтап, оларды әрдайым қамқорлық аясынан тыс қалдырмауды жөн көрдік. Өйткені бұл – біздің парасатты парызымыз және қастерлі міндетіміз», – деп атап өтті Арын Амангелдіұлы.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бари Жанахутдинов өз сөзінде тыл ардагерлерін құттықтап, Ұлы Жеңістің қуанышты да қайғылы сәттерін еске түсірді. «Сұм соғыс тарих қойнауында қалғанымен де сол жылдардағы қиындықтарды көрген жандардың жүрегіндегі жараның жазылуы екіталай. Тылда жүріп тер төгкен Сіздердің ерліктеріңіз Отан үшін өлшеусіз болды. Сіздер Ұлы Жеңісті жақындаттыңыздар. Сондықтан да Ұлы Жеңістің дәмі тылдағы ардагерлер үшін өзгерек», – деп ағынан жарылды Бари Ғазизұлы.

Отанымыздың жеткен Ұлы Жеңісіне Павлодар өңірі де өз септігін тигізді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұлы ұран тылдағы еңбеккерлердің өмірлік мақсаттарына айналып, олардың еңбектеріне күш-қайрат бергені де мәлім. Павлодардың Ертіс өңірі Ұлы Отан соғысы кезінде келешек ұрпағы үші жанын берген батырларымен мақтанады. Махмет Қайырбаев, Қанаш Қамзин, Серікбай Мүткенов, Михаил Катаев сияқты жаужүрек азаматтарымыз – Кеңес Одағының батыры деген құрметті атаққа ие болған хас батырлар. Олардың есімі еліміздің тарих беттерінде алтын қаріптермен жазулы.

Кездесуде С. Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармониясы ардагерлер үшін мерекелік ән-шашуын ұсынды. Студенттік филармония әншісі Нұржан Сарқымбаев жиылғандарды қоңыр дауысымен тамсандырды. Сондай-ақ Жамилә Жұмаханның, Юрий Рыбалконың, Нияз және Данияр Мұратовтардың, Насихат Абыкенова мен «Ертіс жұлдыздары» ансамблінің шырқауында Жеңіс әндері орындалды.

Бұл күні тыл ардагерлеріне студенттер мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әсем әуен, сый-сыяапаттар, ыстық лебіздер мен мерекелік дастархан қарияларымыздың көңілін жадыратып, шаттыққа бөледі. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай еңбек ардагерлеріне гүл шоқтары, естелік тартулар және қаржылай сыйлықтар ұсынылды.

Руфина Торпищеваның фотосы