С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ЭКСПО – 2017 көрмесіне волонтерларды даярлайтын орталық ашылды.

Волонтерлық орталық С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Әлеуметтік-волонтерлық орталық» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдау көрсетуімен дүниеге келді.

Павлодар қаласының «Әлеуметтік-волонтерлық орталығы» қоғамдық бірлестігі «Облыстың барлық қалалары мен аудандарында волонтерлық жасақтардың жұмысын ұйымдастыру» жобасын іске асырады.

Орталықтың жұмысы жастар арасында волонтерлық қозғалысты дамытуға, ЭКСПО – 2017 көрмесіне волонтерлар даярлауға, әлеуметтік-волонтерлық орталық жастар қоғамдық бірлестігі мен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің арасындағы ақпараттық және іскерлік ынтымақтастықтың кеңеюіне жан-жақты ықпал етуге бағытталған.

Іс-шараға қатысқан С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев орталықтың ашылуы жайлы былай деді: «Мемлекетіміздің, барша қазақстандықтардың алдында ЭКСПО – 2017 халықаралық көрменің жоғары дәрежеде өткізіп, ел абыройын асқақтату мұраты тұр. Бар жүкті мемлекеттік құрылымдарға жүктеп қоймай, қоғамдық және жастар ұйымдары да белсене бұл шаруға атсалысқаны абзал».

Орталықтың ашылу салтанатында «Әлеуметтік-волонтерлык орталық» жастар қоғамдық бірлестігі мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Шара барысында қонақтар назарына волонтерларды даярлау орталығының жұмысы туралы бейнеролик ұсынылды. Әлеуметтік-волонтерлық орталық жастар қоғамдық бірлестігі орталық жұмысының бағытын шағын тренинг көмегімен таныстырды. Іс-шараның соңында көпшілікке оқу курстарын өткізу кестесі жарияланды.

Руфина Торпищеваның фотосы