С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «G-Global» коммуникативті алаңында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында онлайн конференция өтті.

Онлайн конференцияға С.Торайғыров атындағы ПМУ электроэнергетика кафедрасы мұрындық болды. Бұл кездесу білім беру саласында жоғары білікті мамандарды және ғылыми зерттеу жұмыстарын дайындаудағы ынтымақтастық туралы келісімдердің шеңберінде жүзеге асты.

«G-Global» коммуникативті алаңында «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша серіктес жоғары оқу орындар – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік индустриалды университеті, Рудный индустриалды институты, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті энергияның жаңғырмалы көздерін дамыту мақсатында ақпарат алмасу және бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жасауды мақсат тұтады. Онлайн конференция жұмысы осы мақсатта серіктес жоғары мектептердің басын бір арнаға тоғыстырды.

Кездесу барысында тәжірибе алмасу, қазіргі таңдағы жаңғырмалы энергия көздері саласындағы өзекті проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар мәселелер қаралды. Мәселен, қатысушылар Қазақстандағы жел энергетикасын дамыту, Қазақстан Республикасындағы жел энергетикасын дамыту мүмкіншіліктерін бағалау, жел және күн электр станцияларының мүмкіндіктерін арттыру және әдістерін жасау сынды мәселелер төңірегінде тәжірибе алмасты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «Электроэнергетика» кафедрасының меңгерушісі, техн.ғ.к. Вадим Марковский өз сөзінде өңіріміздегі жасалып жатқан энергия дамуының өзектілігіне тоқталды.

Мұнымен қоса, С.Торайғыров атындағы ПМУ электр энергетикасы кафедрасының магистранттары Сұлтан Бабашев, Гүлмира Исамадиева, Дәурен Бейсенбаев тың жаңалықтарға толы баяндамаларын ұсынды. Ал конференция барысында С. Сейфуллин атындағы ҚАТУ энергетикалық факультеттің деканы, техн.ғ.к. Әсет Хабдуллин, ҚМИУ электр энергетикасы және автоматтандыру кафедрасының меңгерушісі, техн.ғ.к. Галина Сивякова, С. Торайғыров атындағы ПМУ электр энергетикасы кафедрасының доценті, техн.ғ.к. Серік Жұмажанов, РИИ энергетикалық факультетінің деканы, техн.ғ.к. Сұлтанбек Исенов болашақтың энергиясы төңірегіндегі жетістіктер мен кемшіліктер турасында ой қозғап, мәселені талқыға салды.

Кездесудің соңында қатысушылар жаңығырмалы энергия көздері туралы ғылыми жұмыстардың тиімді нәтижелерін оқу үрдісіне және өндіріске енгізу туралы оң шешімдерге келді.