С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында этникалық мәдениеттер фиставалі өтті.

Фестивальге С.Торайғыров атындағы ПМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент, «Бірлік» студенттік Ассамблеясы мен Жастар ісі жөніндегі комитеті мұрындық болды.

Мерекеге құрметті қонақтар ретінде Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері келді.

Халықтар арасындағы достықты ту еткен мерекені ашу салтанатында С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармонияның басшысы Айнұр Әзімхан ұлттар арасындағы достықтың қадір-қасиеті ынтымақ пен бірілікте екенін атап өтті. «С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында 30-ға жуық ұлт өкілдері білім алып жүр. Ынтымағы жарасқан шаңырақ астында олардың әрқайсысы бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір кешуде. Сондықтан көп ұлтты оқу ордамыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз», – деді Айнұр Әзімханқызы.

С. Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік ассамблеясының төрағасы Рамиль Смаиловтың айтуынша бұл шара университетіміздегі студенттік жастардың арасында бірлік пен достықты нығайту мұратын көздеген. «Бұл мейрам әр ұлттың арасындағы достықты берік етуге, бір-бірінің арасындағы бірлікті одан да мығым етуге ұйытқы болады деп есептеймін. Ал бүгінгі фестивальде әр ұлттың өкілі өз мәдениетінің бай мұрасын паш ету мүмкіндігіне ие болды», – дейді Рамиль.

Фестиваль аясында тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаменті мен Студенттік филармонияның ұйымдастыруымен ұлттық тағамдар көрмесі мен облыстық Достық үйінің шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті өтті. Көрермендер концерттік бағдарламада украин, татар-башқұрт, корей, ұйғыр, қазақ, орыс ұлттарының ұлттық өнеріне тәнті болды. Ұлттық әуезді әндер мен әсем билер әр ұлт өкілін шабыттандырып, мақтаныш сезімін сыйлады.

«Біз фестивальдің әр студентке, әр оқытушыға қызықты да танымды болуына, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға және әр ұлттың ешкім байқай бермейтін керемет ерекшілігін көрсетуге тырыстық», – дейді С.Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Ақбота Сарыбай.

Руфина Торпищеваның фотосы