С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің өкілдері Павлодар қаласы мектептерінің түлектерімен кездесті.

Жастарға қызмет көрсету Орталығында Павлодар облысының жоғары және орта білім беру мекемелерінің кәсіптік бағдар беру презентациялары өтті.

Мұндай шаралар жоғары және орта білім беру мекемелерінің оқушыларымен кәсіптік бағдар беру жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелігін арттыру мақсатында өткізіліп жатыр.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстары мен инновациялар жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов шараға қатысушыларды жылы қарсы алды. Өз сөзінде ол университет басшылығы және профессорлық-оқытушы құрамы атынан Павлодар мемлекеттік университетін таныстырды. Сонымен қатар қалалық оқушыларды университеттің білім беру жұмыстарымен, мәдени және қоғамдық өмірінің ерекшеліктерінен хабардар етті.

«Бүгінгі таңда ПМУ еліміздің ең үздік көпсалалы жоғары оқу орындары арасында бесінші орында тұр. Біздің университет Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы көптеген құрметті жүлделердің иегері болып табылады», - деді Нұрлан Тельманұлы.

Шара барысында оқушыларға Павлодар мемлекеттік университеті жайлы бейнефильм көрсетілді.

Сонымен қатар қатысушылар алдында ПМУ-дың ең үздік орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Презентация аясында оқушылар университеттің мамандықтары бойынша және ары қарай жұмысқа орналасуы жайлы кеңес алды.

Руфина Торпищеваның фотосы