С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай Қазақ тілі пәнінен студенттер арасында университетішілік олимпиада өтті.

Олимпиадаға түрлі мамандық бойынша білім алып жатқан он бес өзге ұлт өкілдерінің студенттері қатысты. Шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі» кафедрасы мен студенттер кәсіподақ ұйымы.

Қазақ тілі кафедрасының меңгерущісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулинаның айтуынша, олимпиада мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметінің маңызы мен қажеттілігін таныту мақсатында және ұлттық құндылықтарымыздың ең негізгі мәні ретінде жылда дәстүрлі түрде университетімізде өткізіліп отырады. «Олимпиада мақсаты – жастардың қазақ тілін қандай деңгейде меңгеретінін сараптау, олардың қазақ тілі мен қазақ өнеріне деген құрметтерін насихаттау», – дейді Айман Файзоллақызы.

Сайыс үш кезең бойынша өтті: I тур – мазмұндама, II тур – сұхбат, III тур – өнер сайысы. Бірінші кезеңде қатысушы өзі таңдаған тақырыптардың біріне монолог дайындауы тиіс. Екінші турда белгіленген тақырыптар аясында белгілі бір жағдаят бойынша диалог құрастыруы шарт. Биылғы беріліп отырған тақырыптар еліміздің айтулы мерекелеріне байланысты, атап айтсақ, «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Ұлы Жеңіске – 70 жыл», «ЭКСПО көрмесінің тарихы», «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – ұлт құндылығы», «Өнер алды – қызыл тіл», т.б. сияқты монолог тақырыпшалары ұсынылды. Қатысушылар прозалық немесе поэзиялық шығармалардан үзінді оқыды, ән айтып, би биледі және драмалық көрініс көрсетті.

Олимпиада қорытындысы бойынша үшінші орынға ЕТжБ-102 тобының студенті Ажар Садовская және Мех-102 тобының студенті Наталья Киреева ие болды. Екінші орынды Б-102 тобының студенті Наталья Дремова еншіледі. Ал бірінші орынды ХТОВ-202 тобының студенті Михаил Крикунов жеңіп алды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Ал сайысқа қатысқан басқа қатысушыларға номинациялар бойынша мадақтаулар мен алғыс хаттар табысталды. Бірінші орынды жеңіп алған Михаил Крикунов: «Сайыс өте тартысты өтті. Әрқайсымыз қазақ тілін жақсы меңгергенімізді көрсетуге тырыстық. Менің ойымша, Қазақстан азаматы болған соң, қазақ тілін білу – біздің міндетіміз. Сол себепті мен барша қазақстандықтарды мемлекеттік тілді жетік меңгеруге шақырамын», – деп өз ойын білдірді.

Руфина Торпищеваның фотосы