С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ұлы Жеңістің құрметіне арналған фото және құжаттамалық көрменің ашылуы өтті.

Шара Ұлы Жеңістің даңқын паш ету, жастарды отансүйгіштікке, Ұлы Отан соғысы батырлары мен ардагерлерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатын тұтты.

Бұл көрме жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мұражай кешені бірлесіп мұрындық болды. Көшпелі көрме алғаш рет өтуде, сондықтан, мұражай экспозициялары Павлодар тұрғындары үшін ғана емес, еліміздің соғыс зардабын көрген барша халқы үшін аса қымбат. Көрмеде КСРО-ның өнеркәсіп орындары, ғылыми және мәдени мекемелерін республикаға көшірілгенін айғақтайтын тың деректер, панфиловшылар дивизиясы мен қазақ батырларының фотолары, плакаттық өнімдер, майданнан келген хаттар, соғыс жылдарындағы кеңестік биліктің шығарған бұйрықтары мен жарияланған басылымдар қойылды. Көрмеде жалпы саны 200 құжаттың түрлі-түсті көшірмесі көрсетілді.

Көрменің ашылу салтанатында С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев жастарға тағылымды сөзін арнады: «Отанын қорғау жолында біздің батыр аталарымыз қазақ баласына тән қайсарлығы мен өжеттілігін, қолға бермес намысын ерлігін ту етіп Ұлы Жеңіске жету жолында жанын аямады. Құрметті жастар! Кезінде аталарың көрсеткен Отан алдындағы ерлік, қайсарлық, азап – Сіздер үшін, Сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалғанын ешқашан ұмытпаңыздар».

Көрменің жетекшісі, ҚР Президенті Мұрағатының құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру басқармасының басшысы Бөлеген Қасеновтің айтуынша бүгінгі көрмеде еліміздің әр аймағынан соғысқа аттанған батыр аталарымыздың ерлігін дәлелдейтін құжаттар мен хаттары ұсынылған. «Соңғы кездері ғалымдар Ұлы Отан соғысына қатысты тарихты қайта қарастыру керектігін айтып жүр. Тарихты қайта саралап, қайта жазғаннан өткен күннің шындығы өзгермейді. Өйткені, бұл соғыс қазақстандық әрбір отбасының тағдырына әсер етті, тарихта мәңгі өшпес ізін қалдырды», – деді Бөлеген Әбікейұлы.

Студенттермен кездесуге арнайы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Виктор Кудинов пен Евдокия Перепелкина келді. Ардагерлер өзідерінің қаршадай жасынан Отан алдындағы парызын қалайша орындағанын өскелең буынға әңгімелеп берді. «Біздің ұрпақтың балалары ерте есейді. Жастайынан соғыстың зардабын көрді, балалар майданға қатысты. Мен де Отанымды қорғауды бүлдіршін кезімнен бастап кеттім. Сондықтан мен үшін Ұлы Жеңістің қадірі зор, мәртебесі биік. Жастар Ұлы Жеңістің қалай келгенін ешқашан ұмытпаса деймін», – деді Виктор Михайлович.

Сонымен қатар, қонақтар назарына С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың Ұлы Отан соғысы тарихынан сыр шертетін кітап көрмесі ұсынылды.

Руфина Торпищеваның фотосы