Арын Өрсариев С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Тахир Балықбаев арнайы келіп, Арын Өрсариевті ректор қызметіне тағайындау жөніндегі білім министрі Аслан Сәрінжіповтің бұйрығымен таныстырды.

Арын Өрсариев «Болашақ» бағдарламасының алғашқы стипендиаттарының бірі, 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған. 1998-2000 жылдары «Дипломатия мен стратегия» мамандығы бойынша Сорбонна университетінде тәлім алды. Арын Амангелдіұлы әкім орынбасары лауазымына дейін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын басқарды.

Әр жылдары Дипломатиялық академияда сабақ берді, ҚР СІМ-нің екінші хатшысы болды. Сонымен қатар, ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі қызметтерді атқарды. 2008 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев пен Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаев С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жаңа басшысына ЖОО алдында тұрған мақсат-міндеттеріне жетіп, білім мен ғылымның жаңа белестерін бағындыруға сенім артты.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев Павлодар мемлекетік университетінің ұжымын жаңа ректордың тағайындалуымен құттықтап, өз сөзінде былай деді: «С.Торайғыров атындағы ПМУ еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында үздік бестік қатарында. Бүгінде білім ордасы – Ертістің Павлодар өңіріндегі кадрлар дайындау шеберханасы. Көпжылғы тарихы мен ізгі де бай дәстүрі бар Павлодар мемлекеттік университетінің ел өмірінде маңызды орыны бар. Университетке тәжірибелі әрі білікті басшының келуіне байланысты жоғары мектептің жұмысы жандана түсіп, ел дамуына, өңірдің көркеюіне зор үлес қосады деп сенемін».

Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаев еліміздің басты стратегиялық бағыты индустриалды-инновациялық даму екенін атап өтті. «Павлодар өңірі химиялық және мұнай-газ өндірісі ордасы екені белгілі. Алдағы уақытта да кәсіпорындардың жұмысы кеңейеді деп көзделуде. Яғни, аймақтың индустриалды-инновациялық дамуын жүзеге асыру мақсатында білікті мамандар қажет болады. Бұл істе С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің атқарар жұмыс қомақты болып отыр», – деп оқу орданың өңір алдындағы қызметінің маңыздылығына тоқталды облыс басшысы.

Руфина Торпищеваның фотосы