С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орны студенттері арасында «Физика» мамандығы бойынша VII Республикалық пәндік олимпиада өтті.

Олимпиадаға еліміздің 9 жоғары мектептерінен жас физиктер командалары қатысты: Олар: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік университеті, Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, академик Е. А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті.

Физиктер командасының мүшелері Никита Лемешенко, Асхад Артықбаев және Арыстан Ергибаев олимпиаданың теориялық кезеңінде күрделі физикалық тапсырмаларды шешуде жоғары нәтижелер көрсетіп, көзге түсті.

Бұл олимпиадада Павлодар мемлекеттік университетінің физика және аспап жасау кафедрасының доценті ф-м.ғ.к Талғат Досанов бастаған физик-студенттер командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болып, айқын жеңістерін сақтап қалады.

Жалпыкомандалық есепте Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті командалары қанжығасына екінші орынды байлап кетті.

Жеке есеп бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Арыстан Ергибаев олимпиаданың бас жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, үшінші орын университет командасының мүшесі Асхад Артықбаевқа бұйырды.

Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, ф.-м.ғ.к., профессор Нұрлыбек Испулов өз сөзінде Павлодар мемлекеттік университетінің қашанда білім додаларының ұйытқысы болып келгенін атап өтті. «С.Торайғыров атындағы ПМУ еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында көшбасшы екенін атап өткім келеді. Университеттің физик-математиктері де осал емес. Біздің студенттер қашанда республикалық, халықаралық сайыстардан қанжығасын бос алып келмеген. Сол себепті де С.Торайғыров атындағы ПМУ еліміздегі жоғары мектептердің студенттері арасындағы физика-математика пәні бойынша кіл мықтылардың білім додасын өткізді», – деді Нұрлыбек Айдарғалиұлы.

Руфина Торпищеваның фотосы