С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қабырғасында жыл сайынғы Павлодар қаласы жоғары оқу орындары мен колледждерінің өнерлі студенттері арасында «Student talents – 2015» байқауының финалы өтті.

Қазақ елінің 550 жылдығын тойлау шеңберінде «Менің жетістігім – елімнің жетістігі» ұранымен ұйымдастырылған бұл байқауға Павлодар қаласының 18 бен 23 жас аралығындағы өнерлі жастары қатысты. Аталмыш сайыс үш кезеңнен тұрды: іріктеу кезеңі, жартылай финал және финал. Алғашқы екі кезеңнен сүрінбей өткен 8 жүйрік ақтық сайыста өз араларында бақтарын сынады. Олар: «Golden Stile» би тобы, «New nation» тобы, «JAM» би тобы, «Молодость Кавказа» би тобы, «VIVO» тобы, Денис Залыгаев, Петр Кабанов, Мұрат Марғұлан, Ерболат Абдусат.

«Жүйріктен – жүйрік озар» демекші, бас жүлдені С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Молодость Кавказа» би тобы қанжығасына байлады. Ал Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенті Денис Залыгаев бірінші орынға ие болды. С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері Мұрат Марғұлан және Ерболат Абдусат екінші орын иегері атанды. Павлодар мемлекеттік университетінің «New nation» би тобы үшінші орынды місе тұтты.

С.Торайғыров атындағы ПМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бойынша бөлім басшысы Дана Мұхаметжанова: «Байқаудың мақсаты – студенттердің шығармашылығын дамыту, жас таланттардың жарыққа шығуына, дамуына жағдай жасау, оларға шығармашылық қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында дарынды жастарға ерекше көңіл бөліп, олардың қанаттануына үлкен мүмкіндік жасауды тапсыра отырып, болашаққа жол сілтеген болатын. Кереку өңірі жас таланттарға бай өлке. Олардың өнерлерінің шыңдалып жетілуіне мүмкіндік жасау керек деп ойлаймын», – деді.

«Студенттік кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен бұл байқау өте жоғары дәрежеде өтті. Әр өнерпаз өз өнерлерін көрсетіп, әділқазы алқасы мен келген қонақтарды таңқалдырудан жалықтырмады. «Бұлақ көрсең – көзін аш» демекші, өнерінен бал тамған өнерпаздарды қолдау мақсатында осындай шаралар көп болғай», – деді С.Торайғыров атындағы ПМУ «Насихат» СҚК төрағасы Бексұлтан Кабышев.