Бүгін С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы – жаһандану үрдісіндегі бірегей үлгісі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қазақстан халқы бірлігі мен ынтымақтастығын, татулығы мен өзара келісімін паш еткен бұл шарада жастар ұйымдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың қоғам игілігі мен этносаралық байланыстарды нығайту турасындағы мәселелерді қарастырды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а., с.ғ.д., профессор Арман Ақышевтың айтуынша, бұл конференцияның С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткізілуі өте жақсы дәстүрдің нышаны. «Ал бүгінгі кездесудің жөні бөлек. Өйткені біз ел болып Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығын тойлаудаумыз. Ассамблея жылында Қазақ хандығының 550 жылдығын, ҚР Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Бұл мерейтойларды – болашақ ұрпаққа аманат ететін ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтын асыл мұраларымыз деп түсінген жөн», – деп ойын түйіндеді Арман Айтмұхаметұлы.

Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының хатшылығының меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаев конференция қатысушыларына Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы бірлік, ынтымақтастық пен достық жылы, бабалар армандап кеткен «Мәнгілік Ел» идеясын жүзеге асқан жыл, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының жаңғыру жылы болғанын баса айтты.

«Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузина Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы жайлы айта келе, жұртшылықты алдағы уақытта болатын президенттік сайлауға бей-жай қарамай, белсенді түрде атсалысу керектігін айтты: «Абай атамыздың «Егер де жер бетінде бәрі би болса, онда жерге адам симайды. Ал халық өзінің қолбасшысымен бірге болса, ол жоғалмайды» деген дана сөзі бар. Сондықтан да еліміздің ертеңі үшін, қазіргі күні еш аянбайық», – деді ол.

Сонымен қатар конференция барысында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының Еуразиялық интеграция және ҚХА орталығының директоры т.ғ.д., профессор Сәуле Мамытова және “Эльпида” облыстық грек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Ифандопуло баяндама жасады.

Конференция қонақтары студенттерге «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық іс-шарасының қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Елімізде бейбіт ғұмыр кешіп жүрген барлық ұлыс өкілдері қайрымдылықтың ортақ жалынымен қарттарға, жалғызбастыларға, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға, қолдауға мұқтаж әрікімге көмектесуде.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қатысушылары шара соңында жаһандану үрдісіндегі Қазақстан халқының қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтауға және арттыру бойынша жұмыстардың жалпы стратегиясын жасады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тұрақтылығын нығайтуға және әлемдегі бейбітшілік жолындағы үлесін барша жаһан жұрты мойндады. Конференция жұмысына қатысушылар Ұлт Көшбасшысының саяси бағдарына қолдау танытты.

Руфина Торпищеваның фотосы