С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің энегетикалық факультетінің студенті Кудерин Дәулет «KAZENERGI» қауымдастығының білім беру бағдарламасы аясындағы шәкіртақыға ие болды.

«KAZENERGI» қауымдастығының білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттеріне шәкіртақыға ие болуға мүмкіндік беретін сайыстың қорытындысы бойынша ҚР жоғары оқу орындарының мұнайгаз және энергетика факультеттерінің 14 студенті жеңімпаз атанды. Комиссия студенттердің оқудағы жетістіктерін (GPA 3,5-тен жоғары болуы тиіс), ғылыми баспаларының санын және студенттердің оқу орнының қоғамдық өміріне, спорттық жарыстарға қатысуын, сонымен қатар, шетел тілін меңгеруін ескерді. Сонымен бірге, қатысушылардың мұнайгаз және энергетикалық кешендерде өткен өндірістік тәжірибелері де есепке алынды. Қатысушыларға қойылған талаптардың бірі – студенттердің өздерін шығармашылық тұрғыдан таныстыру мақсатында ұсынылған бейне-түйіндемелері болуы шарт. Осы шарттардан мүдірмей өткен С.Торайғыров атындағы ПМУ энергетикалық факультетінің «Автоматтандыру және басқару» кафедрасының студенті Кудерин Дәулет аталмыш сайыс жеңімпаздары қатарынан табылды.

Дәулет Кудериннің айтуы бойынша, берілген шәкіртақы – бұл тек студенттерді материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар жеңімпаздарға жауапкершілікті жүктеу болып табылады. «Бұл жетістікпен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да асқар асуларды бағындырып, үлкен жетістіктерге жетемін, әрі сенемдін», – дейді жеңімпаз.

Дәулет шәкіртақыға бірінші рет қол жеткізіп отырған жоқ. Сонымен қатар, үздік оқитын және белсенді студент ретінде ҚР Тұңғыш Президенті қорының тағайындаған шәкіртақысын да иеленген. Ол тек үздік оқуымен ғана ерекшеленбейді, сондай-ақ республикалық және облыстық шахмат жарыстарында университетіміздің намысын қорғап жүрген шахматтан спорт шебері. Мұнымен қоса, «Самұрық» жастар ұйымының пікір-талас клубы мен кітапты жанына серік еткендерге арналған академик С.Бейсембаев атындағы кітапхананың «Вдохновение» клубының мүшесі.