2015 жылдың 28 қаңтары күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ф.ғ.к., профессор Олжабай Жармакиннің 80 жылдығына арналған шағармашылық кездесу өтті.

Ф.ғ.к., доцент, профессор Олжабай Қайкенұлы – жарты ғасырға жуық педагогика саласында тыңбай еңбек етіп, бірнеше толқын студенттерді тәрбиелеп шығарған, лингвистика ғылымында өзіндік мектеп қалыптастырған ғалым. Олжабай Жармакиннің жылдар бойғы зерттеу, ұйымдастырушылық және педагогикалық жұмыстары Ертістің Павлодар өңірінің жоғары мектептерінің қалыптасу тарихы мен дамуымен тікелей байланысты. Ол лингвистикалық ғылымның күрделі мәселелеріне шешім тауып қана қоймай, үш тілдің қадір-қасиетін салыстырып, саралап шетел тілін оқытудың әдіснамасын жасап, мемлкеттік тілдің дамуына зор үлес қосты.

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев мерейтой иесіне алғыс хат жолдады. Өз хатында облыс басшысы Олжабай Қайкенұлының мемлекеттік тілдің дамуына, қазақ халқының рухани құндылықтарын, дәстүрі мен тарихын сақтау мен насихаттаудағы қосқан үлкен үлесін атап өтті.

Бүгінгі мерейтойлық кездесуде ақсақал ғалымның жолдастары, әріптестері мен шәкірттері Олжабай Қайкенұлына жүрекжарды лебіздерін арнап, құттықтады. Олар оның көп жылғы еңбектері мен тың жұмыстарына баға беріп, жеке басының адамдық қасиеттерін аша түсті.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев өз құттықтау сөзінде: «Олжабай Қайкенұлы – жаңашыл идеялар, озық ойлармен ерекшеленетін ғалым, қоғамдық жұмыстарды белсенді әрі абыройлы атқарған қоғам қайраткері және ұлтымыздың рухани жаңғыруына атсалысып жүрген азамат. Еліміздің жоғары мектептерінде зор жауапкершілікпен қызмет атқарған білікті әрі білгір ғалым Олжабай Жармакин отандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосып келеді», – деп ғалымның еңбегіне баға берді. «Бүгінгі күнде Олжабай Қайкенұлы ортамызда жүргеніне біз өте қуаныштымыз. Ол баршамызға жоғары кәсібиліктің, адалдықтың үлгісі болып келеді»,-деді Серік Мәуленұлы.

ҚР Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, Е.Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ғылыми орталығының аға қызметкері Бижан Жұмасейіт: «Жармақ әулетінің бүгінгі ұрпақтарының ұстанымдары – жақсылыққа жету жолын адамзат өнегесімен салыстыру, ұлттық дамудың тірек ұғымы – өмірдің толасыз тасқынды толқынында амал таба білуге үйрету», – деп ғалымның әулеттік шежіресін өрбіте отырып, ғалым еңбектерінің даралығы мен даналығына аса зор мән берді.

Кездесуде ф.ғ.д., профессор Зифа Темиргазина Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Нұрғали Аршабековтің атынан Олжабай Қайкенұлына арнайы құттықтау лебізін жеткізіп, ғалымның еңбектерінің даралығы мен құндылығын саралап берді.

Сондай-ақ, кеште б.ғ.д., профессор Қайырбай Базарбеков Олжабай Қайкенұлының ПМПИ қабырғасындағы ерен еңбегіне тоқталды. Ал, С.Торайғыров атындағы ПМУ гуманитарлық-педагогикалық факультетінің деканы, с.ғ.к. Әмірғалы Бегімтаев сексеннің сеңгіріне жеткен ғалым өмірінің көпшілік біле бермейтін қасиеттері турасында әңгімелеп берді. Мұнымен қоса, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Галина Демесинова Олжабай ұстаздың шәкіртіне деген қамқор жүрегі туралы жиылғандарға баян етті.

Кездесу соңында Павлодар облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, Ақтоғай аудан әкімінің орынбасары Оразғали Бектұров мерейтой иесіне құттықтау лебізін арнады.

Мерейтой иесі профессор Олжабай Жармакин білім беру саласындағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен «Ыбырай Алтынсарин» төлбелгісімен марапатталды.

Руфина Торпищеваның фотосы