С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде математика саласында аты кеңге танымал ғалым, ф-м.ғ.к., профессор Ғалым Ахметовтың атындағы дәрісхана ашылды.

Дәрісхананың салатанатты ашылу рәсіміне математик-ғалымдар, қоғамдастық өкілдері және Ғалым Ахметовтың туысқандары қатысты.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаевтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Ғалым Ахметовтың ғылыми еңбектері докторанттар, магистранттар және студенттер үшін таптырмас білім көзі екенін атап өтті. «Мына дәрісханада ғалымның ізбасарлары әлі де ғылыми жаңалықтар мен тың еңбектерді дүниеге әкеледі деп үміттенемін», – деді Серік Мәуленұлы.

«Ғалым Бейсенұлының еңбек ғұмырнамасы – Павлодар облысының және Қазақстан Республикасының білім беру ісі тарихының бір бөлшегі іспептес. Оның Павлодар өңіріне белгілі ғалым және математик ретіндегі қалыптасуы Павлодар индустриалды институтының қалыптасуы мен дамуымен тікелей байланысты. Оның жоғары математика бойынша дәрістік курстарын онмыңдаған студенттер естіді. Оның есімі елімізден тыс шетелдерде де танымал. Ол математикалық ғылым мен білім беру ісінің дамуына зор үлес қосты», – деп досының еңбегіне баға берді ҚР ІІМ құрметті қызметкері Боранбай Сқақов.

Ғалым Бейсенұлы С.Торайғыров атындағы ПМУ математика және информатика кафедрасында профессор болып 50 жыл қызмет етті.

Оқу дәрісханасының ашылуы Ғалым Ахметовтың өмірі мен еңбектеріне арналған қабырға стендінің тұсау кесерінен басталды. Онда Ғалым Бейсенұлының студенттік өмірі, ғылыми және педагогикалық еңбегі, оның ғылыми мектебі мен өмірінен алынған фото суреттер ғалымның бүтіндей ғұмырнамасын бейнелеп тұр.

Сондай-ақ, ғалым еңбектері мен өміріне бағышталған «Формула жизни» кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітапта Ғалым Ахметовтың адамдығы мен ғалымдығын, ұстаздығы мен даралығын паш еткен туыстары, достары, шәкірттері мен әріптестерінің естеліктері берілген. Профессордың қызы филос.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Гауһар Ахметованың айтуынша физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттеріне Ғалым Ахметовтың атындағы атаулы шәкіртақы тағайындалды.

Ғ.Б. Ахметовтың 80-нен аса ғылыми еңбектері, 1 монографиясы, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жоғары матиматиканың жалпы және арнайы курстары бойынша 20 оқу құралдары мен әдістемелері бар.

Ғалым Бейсенұлын ғылыми-педагогикалық жұмыстарды белсенді атқарып, ел ғылымының дамуына атсалысқаны үшін «Еңбек ардагері» (1987 ж.), бірнеше ҚР БҒМ мадақтамаларымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2007-2010 ж.ж.), С.Торайғыров атындағы ПМУ «Құрметті кафедра меңгерушісі» (2011 ж.) атақтарымен марапатталған.

Ғалым Ахметов математика бойынша әртүрлі деңгейдегі олимпиадалардың төрағасы, әділқазы мүшесі болды, мектеп оқушыларының, магистерлік диссертациялық ғылыми жұмыстарына жетекшлік етті, көптеген еңбектерге рецензия жазды

Руфина Торпищеваның фотосы