С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Foundation» факультетінің білім алушысы кезекті спорттық додалардан жеңіспен оралды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Foundation» факультетінің білім алушысы Дмитрий Федькович өзінің серіктесімен бірге спорттық акробатика бойынша бәйгелерден оралды. Дмитрий өзінің серіктесі Ангелина Яницкаямен бірге барлық жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп келеді.

«Foundation» факультетінде білім алушы Дмитрий Федькович Екібастұз қаласында өткен спорттық акробатикадан республикалық жарыста Қазақстан Республикасының Кубогін жеңіп алды. Сондай-ақ, Минск (Белоруссия) қаласында ағымдағы жылы 4-7 желтоқсаны аралығында өткен спорттық акробатикадан және акробатикалық жолда секіру бойынша халықаралық турнирде Л. И. Лившиц Кубогіне ие болды.

Ал Дмитрийдің кезекті жеңісі – 9-13 желтоқсан аралығында Омск қаласында өткен еңбек сіңірген спорт шебері Ю.Зинуковтың жүлдесін бәске тіккен жалпыресейлік ашық турнирдегі жүлделі 1- орын.

Дмитрий Федькович бен Ангелина Яницкаяның жұбының бұл алғашқы жеңістері емес. Олар көптеген беделді спорттық сайыстар мен халықаралық турнирлерде қанжығаларына ірі жеңістерді байлап келген. Бұл жұп 2014 жылдың шілде айында Париж қаласында өткен спорттық акробатика бойынша әлем чемпионатының жүлдегері атанған.

Дмитрий Федьковичтің айтуы бойынша спорт тек қана денсаулықты нығайтып қана қоймайды, сонымен бірге тәртіпті, жауапты болуға және уақытты дұрыс жоспарлауға көмектеседі екен.