С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті волейболшылары жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткен жылсайынғы волейболдан 44-ші спартакиадада чемпион атанды.

Сайысқа С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Инновациялық Еуразия университеті және Семей медициналық академиясының волейбол командалары қатысты.

Ойын тартысты өтті. Өйткені, қарсылас алаңынан жүйіткіген әрбір жеңісті допқағыс үшін ойыншылар тер төкті. Ал әрбір сырт кеткен доп ойыншыны одан сайын беки түсіргені анық.

Ойын қорытындысына сай С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қыздар волейболшылар құрама командасы бірінші орынды қанжығасына байлап келді. Біздің волейболшылар жігерлі де тартымды ойын көрсетті. Павлодар мемлекеттік университетінің намысын Ерденова Ханшайым, Серікбаева Айгүл, Қабден Айдана, Бейсенбаева Фатима, Шевчук Дария, Смат Алуа, Жүсіпбекова Самал, Оспанова Алия, Аманжолова Малика қорғады.

Ал осы бәйгеде С.Торайғыров атындағы ПМУ волейболшы ерлер командасы үшінші орынды иеленді. Олар: Асқар Ақышев, Александр Серебриков, Дмитрий Герман, Қаржас Ғаббас, Олег Красин, Айтуған Қорабай, Станислав Батрак, Есенбек Тохтарбаев, Арман Рахимжанов, Дмитрий Ильд.

С.Торайғыров атындағы ПМУ жігіттер командасы келесі додаларда бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп уәде етуде. Ал, әзірге жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымызды қажырлы жаттығулар мен жанталасқа толы сессия күтіп тұр.