С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған салтанатты мерекелік концерт өтті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев салтанатты мерекелік жиынды өз құттықтау сөзімен бастады. «Еліміздің жалынды жастары білім-ғылым жинап Тәуелсіз Еліміздің жарқын болашағына ұмтылып келеді. Қазақстан Тәуелсіздігі арқасында біз жаңа әлемге жол аштық. Ғылым жаңалықтарымыз бен толағай табыстарымыз баршамызға ортақ шаңырағымыз ¬ ¬– Қазақстан Республикасының өркендеуіне қызмет етуде. Бұл жеңісті де жемісті табыстар Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асқанын ұмытпауымыз керек», - деді Серік Мәуленұлы.

Т.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Қайрат Батталов университет қызметкерлерін құттықтады. Ол өзінің құттықтау сөзінде: «Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қатардағы түсінік емес, бұл қазақ халқының тарихи болмысындағы аңсаған арманы. Тәуелсіздік – барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміті. Бұған дәлел – азаттық үшін шаттанған ата-бабамыздың жолы», - деп ел тәуелсіздігінің құндылықтарына баса назар аударды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор, с.ғ.д., т.ғ.к. Арман Ақышев ҚР Тәуелсіздігі күніне орай бірқатар ЖОО-ның ғалымдары мен қызметкерлеріне білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісі, Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін төсбелгісі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі мен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапаттады. Мұнымен қоса, С.Торайғыров атындағы алтын медаль, С.Торайғыров атындағы ПМУ ректорының құрметті граматолары мен алғыс хаттары табыс етілді.

Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы қозғалыстың 25 жылдығы құрметіне «Невада-Семей» қозғалысы жұмысына белсене атсалысқан С.Торайғыров атындағы ПМУ қызметкерлеріне қозғалыстың мерейтойлық медалін табыстады.

Мерекелік жиын әуезді ән салған әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлерімен жалғасын тапты. ҚР еңбек сіңірген әртісі Ербол Айтбаев, «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблі, «Чернияз» би тобы, скрипкашылар ансамблі, «Салтанат» би тобы, Константин Макаров пен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Студенттік филармониясының әншілері Нұржан Сарқамбаев, Ғалия Ерболдың орындауындағы әндер мен тамаша билері жиылған көпшіліктің көңілінен шықты.

Тағы бір айта кетерлігі, ҚР Тәуелсіздігі мерекесі құрметіне С.Торайғыров атындағы ПМУ аймақтық мемлкеттік жастар саясатының жүзеге асуына белсенді қатысқаны үшін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Өрсариевтің алғыс хатымен марапатталды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық іс-шараларға белсене атсалысып келеді. Биылғы жылы республикалық «Жыл студенті – 2014» байқауында «Жыл волонтері», «Жыл патриоты» номинацияларының жеңімпазы атанып, университет студенттерінің «DIAMOND» командасы черлидинг бойынша «Қазақстан 2014 Кубогы» ұлттық чемпионатында І орынды қанжығасына байлап келді.

Руфина Торпищеваның фотосы