С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы бойынша білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында «Көптілді білім беру: бағыттар, басымдылықтар, жаңа трендтер» атты аймақтық ғылыми-практикалық семинар өтті.

Семинарға С.Торайғыров атындағы ПМУ Қазақ тілін жеделдетіп оқыту және көптілді білім беру оқу-ғылыми практикалык орталығы мұрындық болды.

Шараның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарында көптілді білім берудің нәтижелілігі мен тиімділігі үшін қазақ, ағылшын, орыс тілдерін оқытудың қосымша түрлеріне жаңа жол мен амалдар табу.

Семинар екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде тілді меңгеру деңгейін ескере отырып, қазақ және шетел тілдерін оқытудың қосымша түрлерін ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері қаралды. Екінші кезеңде тілді оқытудың ғылыми-практикалық әдістері яғни, көптілді мамандарды дайындауда кәсіби-құзіреттілік амалдарды қалыптастыруға бағытталған ұжымдық әдістер талқыланды.

Семинар жұмысының модераторлық қызметін ф.ғ.к., С. Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті Айнұр Кәріпжанова, «Филология: шетел филологиясы» мамандығының магистрі, С.Торайғыров атындағы ПМУ академиялық ұтқырлық орталығының басшысы Құндыз Мұқатаева атқарды. Сонымен қатар, семинар жұмысына ағылшын тілі оқытушысы Гарри Лидс (Нью-Йорк, АҚШ) қатысты.

Шараға Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері және Павлодар облысының мектеп мұғалімдері қатысты. Қатысушыларға п.ғ.к. Жанарсын Капенова С.Торайғыров атындағы ПМУ-дағы көптілділік білім беруді жүзеге асыру турасында әңгімелеп берді. Айнұр Кәріпжанова өз баяндамасына тілді меңгертудегі ұлттық құндылықтар, халықтық игіліктер аспектілері тақырыбын арқау етті. М.Әуезов атындағы № 42 ЖОБМ мұғалімі Жанна Қасенова көптілді сыныптарға «Қазақстан тарихы» пәнін оқытудың әдістеріне терең тоқталды.

Мұнымен қоса, студенттер мен магистранттардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі баяндамалары семинарға қатысушылар назарына ұысынылды.

Семинар жұмысына п.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ Қазақ тілін жеделдетіп оқыту және көптілді білім беру оқу-ғылыми практикалык орталығының басшысы Жанарсын Капенова жоғары баға берді.

– Бүгінгі күні көптілді білім беру – заман талабы. Бұл семинар – қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде білім беру әдістерін жетілдіретін жұмыс орыны болды десем қателеспеймін. Өйткені, семинар барысында қатысушылар қазақ тілі, орыс, ағылшын тілдерінде қарым-қатынас орнатты, - деді Жанарсын Жұматқызы.